Ақмола облысындағы 200-ден астам елді мекенді су басуы мүмкін

Күннің күрт жылынуы біраз өңірді әбігерге салды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал келер аптада Солтүстік Қазақстан облысында ауа температурасы күндіз 16, түнде 6 градусқа дейін жылиды. Демек қар көбесі сөгіліп, өзен-көлдер қарғын суға толады. Сондықтан өңірдегі төтенше жағдай қызметі шұғыл әрекет ету режиміне көшкен. Әсіресе, су басу қаупі бар саяжайлар маңын бақылау күшейтілді.

Осыдан екі күн бұрын еліміздің бірқатар аймағында боран соғып, қар басып қалған болатын. Алайда бүгін күн күрт жылынып, кейбір елді мекен тұрғындарын қызыл су әлекке салды. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің айтуынша, елімізде 157 елді мекенді су басу қаупі бар. Ақмола облысына қарасты Аршалы, Атбасар, Астрахань және Ерейментау аудандарында тасқынға қарсы шаралар қолға алынды. Мамандардың мәліметінше, өңірдегі 200-ден астам елді мекенде қауіп басым.

Юрий Ильин, ҚР төтенше жағдайлар министрі:

- Бүгінде орталық, солтүстік облыстардағы су қоймалары 60-70% астамға толған. Осы айда өзендердің 57 учаскесінде жарылыс жұмыстары жүргізілді. Төтенше жағдай департаменттері 2000-ға жуық елді мекенді тексерді. Оның ішінде 197 ауылдық округ әкімдеріне су тасқынына дайын еместігі туралы ескертулер берілді. Эвакуацияланатын халықты және ауыл шаруашылығы жануарларын орналастыру учаскелерін қабылдайтын 2 502 пункті дайындалды.

Кенет еріген қар суы Сағыз ауылына да қауіп төндірді. Атырау облысының Қызылқоға ауданына қарасты елді мекеннің ішінде қар суы ұлғайып, Ноғайты өзенінің де деңгейі көтерілген. Су басу қаупі төнген 24 үйдің тұрғынын қауіпсіз жерге көшуге тас түйін отырған. Абырой болғанда, тасқынның беті тез қайтты. Дегенмен ауылда су кіру қаупі бар 11 учаске бақылауда.

Айнұр Қуатқызы