Орталық Қазақстандағы ашаршылық туралы жинақ жарыққа шықты

Қарағандыда «Орталық Қазақстандағы 1931-1933 жылдардағы ашаршылық» атты кітаптың тұсаукесері өтті.

Архивтік құжаттармен қатар естелік жинақтардан тұратын еңбек сол зұлматты жылдардың зобалаңын көрген адамдардың өздерінен немесе жақындарының аузынан жазып алынған. Екі тілде жарық көрген жинақты алдағы уақытта әлемнің өзге де тілдеріне аудару жоспарда бар.

Тарих қойнауына кеткеніне ғасырға жуық уақыт болған қазақ тарихындағы зұлматты жылдар жайлы тарихшылар арасында тартыс көп. Деседе ортақ шешім бір – ол бұл кезеңнің расыменде аса қасіретті болғаны. Президент Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында тарихымыздың осы беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келе жатқанын, бұл күрделі мәселеге ұстамдылықпен және жауапкершілікпен қарап, зерттеулерді таза ғылыми ұстаныммен жүргізген дұрыс деген пікір білдірген. Бұл ғылыми еңбек соның айқын көрінісі.

Нұрлан Дулатбеков, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің басқарма төрағасы-ректор:

- Бұл тақырыпты алсақ, негізінен барлық ақпараты тың деп алуға болады. Өйткені бізде бұл тақырып публицистикалық бағыт болмаса, ғылыми негізде өте аз жазылған болатын. Сондықтан да арқадағы үлкен ордалы оқу орны осы олқылықтың орнын толтыруға өзінше атсалысты.

Еске салсақ, 2020 жылдың қарашасында саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылған. Оның басты мақсатының бірі – ХХ ғасырдағы репрессия мен ашаршылыққа саяси баға беру.

Лариса Харитонова, ғылыми топтың мүшесі:

- Біздің университеттің тарихшылары архив материалдарын жинақтап, ақпарат жинау мақсатында ұзақ еңбек етті. Нәтижесінде мұнда бұрын еш жерде жария болмаған құнды құжаттардың тізімі еніп отыр. Филологтарымыз аршашылықты бастан өткергендердің балаларын іздеп-тауып, олардың өз аузынан құнды деректер жинап алды. Кітап осы бағытта өз құндылығын көрсетеді деп сенеміз.

Материалды жинақтауға шамамен бір жыл уақыт кеткен. Қазір Еуропаның кей елдеріндегі ғалымдар еңбекті ағылшын тіліне аударуға қызығушылық танытып отыр. Мамандар осы бағытта ғылыми еңбектің тапшы екенін айтады.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков