Қазақстанда қоршаған ортаның ластануынан өлім-жітім 2% көбейген

Сенаторлар осылай деп дабыл қақты. Әсіресе Павлодар мен Қарағанды облыстарындағы жағдай күрделі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қала халқы күнделікті ауада қалқып жүрген аммиак, күкірт, қорғасын, азот диоксиді қалдықтарын жұтады. Салдарынан елімізде өлім-жітім көбейген. Мамандар тіпті ауыр дерттің дендеп кетуін де экологиялық зардаптармен байланыстырады. Мәселен, кейінгі 3 жылда елімізде қатерлі ісікке шалдыққандардың саны 14 % артқан.

Әбдәлі Нұралиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Қазақстан Париж келісіміне орай 2030 жылға қарай парниктік газдардың шығарылуын 15% қысқартуды міндетіне алған. Есепті кезеңде нысаналы индикаторлардың орындалмауына байланысты экология мəселелерінің «Жол қарталары» пысықталып, нақтылануы керек және іс-шаралардың нәтижелі жүзеге асырылуы тиіс деп санаймыз.

Әсіресе, Павлодар мен Қарағанды облыстарында жағдай мүшкіл. 2020 жылы қоршаған ортаға зиянын келтірген шығарындылардың жартысынан көбі осы екі аймаққа тиесілі. Бір ғана «Арселор Миттал» Теміртау кәсіпорны жылына 250 мың тонна зиянды қалдықты сыртқа шығарады. Бұл мәселе айта-айта жауыр болды. Алайда ешкімнің тісі батпайды ма, әйтеуір әлі күнге дейін баяғы жартас бір жартас.

Дмитрий Калмыков, эколог:

- Қанша айтылса да, қоршаған ортаға зиянды қалдықтардың шығарындылары төмендемей отыр. Ешқандай нәтиже жоқ. Біз аспандағы айды сұрап жатқанымыз жоқ. «Арселор миттал» Теміртау кәсіпорны ондаған мемлекетте жұмыс істейді. Бірақ ол елдерде парниктік газдардың шығарындылары жыл сайын 5-7% төмендеп отыр. Демек 10 жыл ішінде зиянды қалдықтардың жартысы қысқарар еді. Ал бізде еш өзгеріс жоқ.

«Арселор Митталдың» күні бүніге дейін нендей шара атқарғанын сенаторлар да білмей дал. Сондықтан премьер-министрдің атына депутаттық сауал жолдап, осы мәселені тексеруді сұрады. Қоршаған ортаны көздің қарашығындай қорғау жалпыға ортақ міндет. Алайда еліміздің барлық дерлік  аймағында экологияға орасан зор шығын келіп жатыр. Сала мамандары әсіресе, ірі қалаларда ахуал мәз емес дейді. Егер қол қусырып отыра берсек, өлім-жітім 2 пайыздан артып кетуі мүмкін. 

Назерке Әбдірахманқызы, Жандос Битабар

Сондай-ақ...