Ақтөбеде жаңа ауданның тұрғындары сумен қоса ағып кетуден қорқып отыр

Ақтөбеліктер «сумен қоса ағып кетпейміз бе» деп қорқа бастады. Жаңа шағын ауданға көшіп, өркениеттің игілігін көреміз бе деген жұрттың қаупі күшейген.

Себебі үйіңе лай кешіп, су жалдап әзер жетесің. Жаяу тұрмақ көліктегінің де жаны мұрнының ұшында жүр. Ойықтағы судың деңгейін адам біліп болмайды.

Ал шенеуніктер коммуналдық саланың олқы тұстарын бұған дейін де ескермеген еді. Жаңа аудан тұрғызғанда да қаперге алмаған. 

Жаңадан бой түзеген Ақтөбенің беткеұстар ауданы «Батыс-2»-ге қоныс аударған тұрғындар алғашқы көктемде-ақ қуанышымыз су сепкендей басылды дейді. Балшыққа батып, аяқ алып жүрудің өзі мұң. Айналадағы құрылыс алаңдарына келіп кететін ауыр жүк көліктері тұрғындар төсеген қиыршық тас жолды әп-сәтте жарамсыз етеді. Ал жақын маңдағы аялдама мен асфальты бар көшеге жету үшін кемінде жарты шақырымға жуық жол жүріп өту қажет.

Рәбиға Батырова, қала тұрғыны:

- Мына "Батыс" деп, өзімізше жөнделген болып келіп жатырмыз медениетке бет бұрып. Бірақ та жолымыздың кескіні мынау. екі жақтан да кіре алмаймыз. Общий трасса жақтан да кіру қиын, мына орталықтан да кіру қиын. Автобус жоқ. Аялдама қашық. Аялдамаға жету үшін біз батпаққа батамыз.

Лида Қожахметова, қала тұрғыны:

- Үйіміз "Абырой" дегенменен, сол абырой деген атқа лайық болмай, жан жағын балшық басып, су алып, балаларымыз  жүре алмай балшыққа құлап жатырмыз. Мұстафа Шоқайға бізге ең болмаса тура жол салып, машина өтетін, адам жүретін жол салынса екен деп армандап отырмыз.

Алайда тұрғындардың бұл ойы жақын арада жүзеге аса қоймайтын сыңайлы. Себебі жол салуға жауапты қалалық коммуналдық бөлім өкілдері тек орталық көшелерді қамтуға міндеттіміз дейді. Ал жекелеген тұрғын үй кешендеріне дейін тротуар мен асфальтты құрылыс компаниялары төсеуге міндетті.

Навои Әмірбеков, қалалық ТҮКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Жобалық-сметалық құжаттары жасалған кезде құрылыс компаниясы коммуналдық шаруашылығы бөлімінен орталық көшеге дейінгі жолға да техникалық шарт алуға міндетті. Алайда бұл талап орындалмаған. Көп қабатты үй кіріп шығу жолдары ескерілмен салынған.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Ал мынау "Ақжар-2" ауданы. Көктем келген сайын бұл аймақтың тұрғындары үшін қатынас қиындай түседі. Кейбір көшелермен жаяу жүргінші тұрмақ тіпті көліктердің өздері де жүре алмайды. Сарқырап аққан судың жырасына құлап аударылған кездері де болған.

Блиц-1:

- Көктем келеді, осылай ериді де мынаның барлығы ертең жыра болып ойылады осының барлығы. машина жүруден қалады.  Міне машинам тұр ғой. Шарбақтан шығып әрі қарай баруға... Сосын мына повороттан, үш көшеден төмен қарай, үш жақтан келеді су.

Блиц-2:

- Осы көшенің астының барлығы су мен газ. Судың ағысын көрдіңіздер ғой. Жердің деңгейі түсіп кетті төмен көпке дейін.  Құмақ болғасын білінбейді. Негізі астында су мен газ бар. Өте опасно.

Жоспарға сәйкес, Ақжар-2 ауданында 50-ден астам көше жөнделуі тиіс. Жобада асфальттан бөлек жарық шамдары, жаяу жүргінші жолы мен суағарлар да қарастырылған. Бұл көктемгі тасқын мен жаңбыр суын бір арнаға бағыттауға сеп болуы тиіс. Алайда құны шамамен 5 миллиард теңге болатын құрылыс жұмыстарының қашан басталатыны белгісіз. Әзірге жобалық сметалық құжаттары ғана дайындалып жатыр.

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков