Конго-қырым қанды безгегінің қаупі бар 116 елді мекен анықталды - Қызылорда

Қызылорда облысында Конго-қырым қанды безгегінің ошағы шығуы мүмкін деген 116 елді мекен анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қызылорда облысы Конго-қырым қанды безгегі табиғи ошағында орналасқан. 2020 жылы аталған індеттке 9 адам шалдықса, 2021 жылы ол 12 жағдайды құрады.

«Биыл өңірде 116 елді мекен қауіптің болуы ықтимал деп тіркелді. 

Атап айтқанда, аудандар бойынша Аралда - 25, Жаңақорғанда - 19, Шиеліде - 16, Қазалыда - 14 елді мекен болса, қалғаны өзге аудандарда орналасқан. Бұл елді мекендердің залалсыздандыру іс-шараларына жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылған. Ал қолайсыз деп танылмаған елді мекендердің тұрғындары залалсыздандыру жұмыстарын өз қаражаттарына жүргізеді», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен.

Ведомство мәліметінше, энтомолог мамандардан тұратын 3 арнайы жұмысшы топ құрылып, 239 елді мекенде зоологиялық барлау жұмыстарын жүргізуде. Жұмыс барысында 5154 кене жиналып, 503 сынама зерттелді. Нәтижесінде жануарлардан және далалық жерден жиналған кенелердің 7 сынамасынан оң нәтиже анықталды. Жыл басынан бері кене шағуға байланысты медициналық көмекке 11 адам жүгінді.