Қостанай облысында мың гектарға жуық жайылым жетіспейді

Елді мекендер маңындағы алқаптар оңды-солды жекеге таратылып, тың жерлерге есепсіз түрен салынуы осындай тапшылыққа алып келді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кейбіреулер үлкен аумақты не өзі игермей, не өзгеге қимай уысында ұстап отыр. Жайылым мен шабындыққа зар болған ауылдықтардың жанайқайын тілшіміз тыңдап қайтты. Қостанай ауданына қарасты Жақсылық ауылының тұрғыны Ертай Жәлеловтың  бұрын 800-дей қойы болған. Алдыңғы жылы соның жартысын амалсыз сойып, етке өткізіпті. Енді қалған қойды қалай сақтап қалам деп жанұшырып жүр. Өйткені ауыл маңындағы жерді меншіктеп алған серіктестік, жайылым мен шабындықты тарылтып тастаған.

Ертай Жәлелов, Жақсылық ауылының тұрғыны:

– Мал жаятын жер жоқ, сосын шөп шабатын жер жоқ. Жер бар,4 мың гектар тұр, но шапқызбайды. Ол ТОО «Жақысылық-2011» дегеннің жері. Котлаван солардың территориясында. Мал айдамаңдар дейді котлаванға. Бұл менің жерім дейді.

Ертайдың айтуынша, 4 мың гектар жайлымдық жер он жылдан астам уақыт игерілмей жатыр. Иесі не мал жаймайды, не шөп шаппайды, басқаларды да жолатпайды.Қажет болса, сатып алыңдар дейтін көрінеді. Ертай құзырлы органдарға шағымданған екен, еш нәтиже шықпапты. Айсары ауылында өткен аудан әкімінің есеп беру жиынында да  бұл мәселе бірінші кезекке шықты.

– Қойды қораның жанында жаямыз. Ауылдың бұзаулары шыға алмай отыр ғой таза. Милицияның өзі қорқытады. Бәріне штраф саламыз дейді.

Бұл жағдайдан аудан әкімі хабардар. Жалпы Қостанай ауданы бойынша 129 мың гектар жайылымдық жер  жетіспейді екен. Кейбір шаруашылық жетекшілері түсіністік танытып, жекенің малына жер бөліп берсе, енді бірі келісімге келгісі жоқ. Ондайларға қандай бір шара қолдануға шағын және орта бизнесті тексеруге осы жыл аяғына дейін жарияланған мораториий қол байлап отыр дейді.  

Жансұлтан Таукенов, Қостанай ауданының әкімі:

– Мен де білем Жақсылық мәселесін, жаңағыдай елді мекендегі мәселені. Бүгінгі таңда 4 мыңдай жерді не халыққа бермейді, не өзі өңдемейді. Бүгінгі таңда сол жерді сіздерге сатқысы келеді, басқа біреуге сатқысы келеді. Банкке қойып, несие алып, артынан кейін қайтармай, мәңгі бақи сол жерлер көп жылдар банкінің залогында тұрғанын қалайды. Біз оған жол бермейміз.

Аудан әкімі осы жыл ішінде игерусіз жатқан жерлердің тізімін жасап, келесі жылдан бастап оларды заң аясында мемлекеттік меншікке қайтаруға бар күш пәрменін салатынын айтты.

Авторлары: Мағауия Қалиев. Сергей Трахтенберг