Қазақстаннан көлік алғысы келетін ресейліктер көбейді

Наурызда еліміздің дилерлік орталықтарға жүгінгендер қатары он есе артқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көрші ел тұрғындарының көлік іздеп, еліміздің солтүстік өңірлеріне ағылуына бірнеше себеп бар. Ресейде шетелдік машина құрастыратын бірқатар зауыт жұмысын тоқтатқан. Дайын техникалар жеткізілмейді. Ал қазақстандық жаңа көліктердің бағасы бұрынғы күйде. Ең арзаны 5 млн 700 мың теңге. Әзірге ресейліктер көлік таңдаумен автосалондарға онлайн және оффлайн сұраным жіберіп жатыр. Егер олар жаппай сатып алуды бастаса, кезекте тұрған отандастарымыз көлігін ұзақ күтуі мүмкін – дейді мамандар. 

Евгений Бибер, дилерлік автоорталықтың сату жөніндегі директоры:

– Ресей азаматтары бізден бұрын да көліктер сатып алатын. Негізінен люкс санатындағы қымбатын таңдап жүрді. Ал бұл жолғы өтінімдердің дені ең арзанына тиесілі. Сұраныс ұсыныстан жоғары боп тұр. Демек отандық машина құрастыру зауыттары бағаны осы қалпында ұзақ ұстай алмайды дегім келеді.