Павлодар облысында шикізат тапшылығы сезілуде 

Ертіс өңірінің ұн өндірушілері шикізатсыз қалуы мүмкін. Қоймалардағы астық қоры екі аптаға ғана жетеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі ішкі нарықтағы бидайдың басым бөлігі экспортқа шығады. Салдарынан аймақта ұн комбинаттарының жұмысы тұралап, жүздеген адам жұмыссыз қалатын сияқты.  Өндірушілер мәселені шешу жолдарын өзлері ұсынып жатыр. Ербол Досыбаев басқаратын кәсіпорын бірінші сұрыпты әлеуметтік ұн өндіреді. Танымал маркалы өнім өзге өңірлерге де жөнелтіледі. Бұған дейін шикізатты шетелден алатын. Көрші елдермен алыс-беріске шектеу қойылғандықтан, қазір ішкі нарықтағы бидайды ұнға айналдырады. Бірақ жергілікті шаруалар кәсіпорынның сұранысын өтей алмайды. Әрі, отандық астықтың  шетел асатыны құпия емес.

Ербол Досыбаев, кәсіпкер:

Жылына 120 тонна ұн шығарамыз. Биыл жылдық қуаттылығымызды жаба алмаймыз деп қорқып отырмыз. Шикізат аз. Сондықтан кәсіпорын жабылып қалуы мүмкін. Әзірге бір аптаға жететін шикізатымыз бар. Үкімет қолдау білдірмесе, аймағымыз әлеуметтік ұнсыз қалуы мүмкін.

Бұл бүгін туындаған мәселе емес. Өндірушілер соңғы жылдары жергілікті шаруалар өсірген астықты экспортқа шығаруға шектеу қоюды сұрап келеді. Сонымен қатар, алтын дәнді шетел асыруға баж салығын енгізуді ұсынуда. Кәсіпкерлер механизм саладағы жағдайды тұрақтандырады деген сенімде.

Жанар Серімова, Қазақстан астық өндірушілер одағы экспорттық кеңесінің мүшесі:

– Соңғы жылдары ресейлік шикізатты өңдеп жатырмыз. Себебі біздің бидай шетелге кетеді. Бұл жағдайдың салқыны бізге тиіп отыр. Ал салық төлеп, жұмыс орындарын ашатын отандық өндірушілер астықсыз қалып отыр. Біз Үкіметтен экспортталатын бидай көлемін бір жарым миллион тоннаға азайтуды ұсынып отырмыз. Бұл елдегі барлық ұн тартушылардың тілегі.

Өңірде 20-ға жуық диірмен бар. Олардың жылдық сұранысы 500 мың тонна шикізат. Ал жергілікті шаруалар бір жылда 750 мың тоннадан астам өнім жинайды. Сұранысты өтеуге мүмкіндік бар. Дегенмен бизнесті нарық реттейді. Шаруалар өнімді сыртқа шығаруды жөн санайды. Облыстық жауапты мекеме ұн тартушыларға 50 мың тоннадан астам бидайды қайта өңдеуге уағдаласқан. Бірақ бұл теңізге тамған тамшыдай.

Әсемгүл Бектұрова, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы қайта өңдеу бөлімі басшысы міндетін атқарушы:

– Жергікті тауар өндірушілермен ішкі нарықты әлеуметтік нанмен қамту мақсатында меморандамдарға қол қойдық. Мақсат астықтың тұрақтандыру қорын қалыптастыру. Кәсіпкерлердің ұсынысынан хабардармыз. Өз тарапымыздан салалық министрлікке хат жолдадық. Бұл мәселе сыртқы сауда саясаты мәселелері бойынша өткен ведомтвоаралық отырыста да көтерілді.

Бұл – Павлодар, Солтүстік Қазақстан, сондай-ақ, Қостанай облыстары үшін ортақ мәселе. Проблема үкіметтік деңгейде шешілмесе, елдің азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төнуі ықтимал – дейді өндірушілер .

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Жеңіс Темірболат