Алданған шаруалар ауылшаруашылық техникасына қол жеткізе алмай отыр – Түркістан облысы

Ауылшаруашылық техникасын утилизацияға өткізіп, «Жеңілдік сертификатына» қол жеткізгендер жер сипап қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Түркістан облысы мен Шымкент тұрғындары мемлекеттік бағдарлама арқылы ескі көліктерін құр қағазға айырбастап, алданып қалдық деп отыр. Себебі жыл басынан бері бұл сертификаттарды автоорталықтар қабылдамай жатқанын айтады. Облыстың әр ауданынан келгендер Шымкент тұрғындарын ертіп, тозығы жеткен көліктерді қабылдау орнына жиналды. Бәрінің базынасы ортақ. Бақтияр Исаев жүріп тұрған ескі комбайнын өткізіп, жаңасына жеңілдік қағазын алып, алданып қалдым деп отыр. Автоорталықтар сертификатты қабылдамай, жарамсыз деп қайтарып жіберіпті. Енді егін науқаны басталғанда техникасыз тірлігі тұралап қалғанын айтады. 

Бақтияр Исаев, Сайрам ауданының тұрғыны:

– Мен өзім және туысқаным ауылшаруашылық жұмыста. Қазір біз осы комбайнның сертификаттарын өткізіп, орнына трактор алып, жұмысқа кіріспесек, уақыт кетіп бара жатыр. Күн ысып. Машина аламыз деп барсақ болды мынау уже жарамсыз деп қайтарып жіберді бір сөзбен. 

Жиналған 100-ден аса адам дәл осындай мәселе көптің көңілін күпті етіп отырғанын айтады. Өйткені ел бойынша 327 адам сертификатын жарата алмай жүрген болса, оның көбі Шымкент тұрғындары екен. Ал жеңіл көлігін өткізіп, тиесілі қаржысына қолдары жетпей жүргендері қаншама? 

Шакиржан Юлдашев, Сайрам ауданының тұрғыны: 

ВАЗ 21-06 көлігі мен бір трактор тапсырғанмын мен өзім. Орнына жаңа машина аламын деген үміт болған. Ол машинаны 10 қаңтарда тапсырған болсам екі күнде ақшасы түсу керек болған. Бірақ 3 ай өтіп кетті. Машина да жоқ ақша да жоқ. 

Аян Үсентаев, Шымкент қаласының тұрғыны:

– Бізге беріліп қойған документ бойынша ақшамызды берсін деп жатырмыз. Сол талап. Техникамыз өтіп кеткен, оның бәрі пресстеліп, мыжылып кеткен. Өңделіп кеткен біздің техникалар. Не техника жоқ, не ақша жоқ болып тұр ғой былай айтқанда. Шыдай алмай жатқандар да бар. Басында кредиті барлар көп. Қиналып жатыр. Машиналарын уже металомға өткізіп тастап жатыр. 

Ескі көлікті жоюдың бағдарламасын жүргізген «Роп операторы-на» қатысты қылмыстық іс қозғалғаны белгілі. Ендігі міндеттерді өз мойнына алған «Жасыл даму» АҚ-дағылар жуық арады мәселенің шешілетінін айтады.

Талғат Маханов, «Жасыл даму» АҚ бөлім басшысы:

– Жақын арада мерзімі өтіп кеткен немесе мерзімі өтуге жақын сертификаттардың мерзімі ұзартылатын болады. Одан бөлек қазіргі кезде көрделеніп отырған мәселенің бәрі осы айдың аяғына дейін түпкілікті шешу көзделіп отыр. 

Қала шетінде орналасқан утилизация орталығына жиналғандар бұл мәселенің ертерек шешілгенін сұрайды. Әйтпегенде бүгінге дейін петицияға 500-ден аса қол жинағандар ел астанасына арнайы барып, арызданамыз деп отыр. 

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов