Ақтауда кәсіпорын иесіне айыппұл салынды

Ақтауда су және жылумен қамтамасыз ететін ірі кәсіпорынға салынған айыппұл көлемі 2 млн 450 мың теңге, деп хабарлайды «Хабар 24».

Облыстық табиғи монополияларды реттеу департаменті «МАЭК-ҚазАтомӨнеркәсіп» мекемесіндегі заң бұзушылықтарды анықтады. Қала тұрғындарының шағымына сәйкес жүргізілген тексеру нәтижесінде монополист компания ыстық су тарифін тұтынушыларға дұрыс есептемегені белгілі болды. Осылайша, заңсыз үстемақы алып келген. Енді мекеме алдағы уақытта халықтан түскен артық қаражатты қайта есептеп, қайтаруға міндеттелді.

Лаура Бимырза, табиғи монополияларды реттеу комитетінің мо бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы:

– Табиғи монополиялар туралы заңның 26-бабына сәйкес, табиғи монополия субъектілері осы заңға сәйкес бекітілген тариф бойынша реттеліп, көрсетілетін қызметті ұсынуы міндетті. Алайда аталған мекеме заңды бұзып,  тұтынушыларға берілетін ыстық су тарифін үстемақымен есептеген. Осыған сәйкес ҚР Әкімшілік кодексінің 164-бабы, 4-бөлігіне сәйкес жауапкершілікке тартылды. Айыппұлын толық төледі.