Атырауда балық қоры азайып кеткен

Атырау балықшылары су маржанының азайып кеткенін айтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған су деңгейінің төмендеуі де кері әсерін тигізіп отыр. Бірақ балықшылар жылдағы лимитті орындауға белсене кіріскен. 

Балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған Жайықтың жайы соңғы кездері нашарлап кетті. Су деңгейі төмендеп, балық қоры да азайған. Бұрындары тонналап ау тартатын балықшылардың жағдайы қазір мәз емес.

Жақсылық Өтепов, балықшы:

- Қазір су жоқ. Судың жоқтығынан балықтар да азайып бара жатыр. Қазір салыстырғанда балық көп емес. 50 келі шығады, 20 келі шығады бір ау тартқанда. Бұрын тонна, 500 келі шығатын еді. Қазір 10 есеге азайып кетті.

Балық аулау маусымы басталғалы өңірдегі Жайық - Атырау бекіре зауытының балықшылары бар-жоғы 3-4 дана ғана бекіре тұқымдас балық аулаған. Зауыт басшылығының сөзінше, бұған су температурасының төмендігі әсер етіп отыр. Десе де балық қорының тағы да азайып кетуі мүмкін екенін айтады.

Ғилман Сәрсемәлиев, бекіре өсіру зауытының директоры:

- Жоспар орындалып тұр. Мысалы 2020 жылдары молырпақ болды. Былтыр аз болды. 2019 жылы да аздау болды. 10-15 проценттің айналасы болар. Әзірге келіп тұрған балық жеткілікті. Бірақ азайып кетуі ықтимал.

Дегенмен өңірдегі балық өңдейтін мекемелер қарқынды жұмыс істеп жатыр. Тіпті тауарларын шет елдерге де экспорттап жүр. Қазір сұраныс та артыпты.

Орынғали Ахметов, балық өңдеу мекемесінің басшысы:

- Жылма-жыл жоспарымызды орындап отырмыз. Уақытында Үкіметке төлеп отырмыз. Экспортқа Грузияға, Әзербайжанға, Ресейге экспорттап отырмыз. Қытайға да рұқсат қаағазымыз бар, бірақ Қытайда ауруға байланысты рұқсат бермеді.

Балық шаруашылығымен айналысатындарға мемлекет тарапынан қолдаулар көрсетіліп жатыр. Мысалы, 3 жылдан бері балықтың қорегіне кеткен шығынның 30 проценті субсидияланады. Сонымен қатар шабақ өсіру мақсатында уылдырық сатып алуға жұмсалған қаржының жартысы мемлекет тарапынан төленеді.

Аян Бақиянов, балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары:

- Балық шаруашылығымен айналысатын субъетілер жасанды балық өсіру үшін биологиялық негіздеме әзірлейді. Соны әзірлеу үшін ғылыми ұйымдар тиісті қаражат сұрайды. Сол кеткен қажараттың 50 пайызын субсидия ретінде қайтарылады. Балық су жануары болғасын ол да ауырады. Сондықтан оған кеткен дәрі-дәрмекке кеткен шығындардың 50 пайызын мемлекет субсидия ретінде тағы қайтарады.

Бүгін Жайық-Каспий су айдынында «Бекіре 2022» балық қорғау акциясы басталды. Бекіре тұқымдас және өзге де бағалы балықтардың уылдырық шашуын қамтамасыз ету мақсатында су айдындары 31 мамырға дейін қатаң бақылауға болады.

Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин