Қарақалпақстан Аралдың экологиялық ахуалына әлем назарын аудартуды көздейді

Қарақалпақстан туристік саланы қарқынды дамытып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы арқылы табаны құрғаған Арал мен Мойнақ елді мекенінің экологиялық ахуалына әлем назарын аудартуды көздейді. Өйткені қазір теңіздің ұлтанынан ұшқан тұз Солтүстік мұзды мұхитқа дейін жеткен.

Секундына 20-30 метрге дейін соғатын жел Мойнақ халқы үшін үйреншікті құбылыс. Күн ара шаң, тұз аралас дауыл көтеріледі. Сонда да жұрт әдеттегі шаруасынан қол үзбейді. Мойнақта бұрынғы теңіз портының орны бар. Кезінде балық шаруашылығы дүрілдеп тұрған шақта бағы аспандаған. Аралдың солтүстік бөлігіндегі қазақ ауылдары секілді мұнда да экология мәселесі өзекті.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Айдыны тарылып, табаны құрғаған Арал атырабы – бұл. Бір кездері мұнда толқыны тулап, шағаласы шулаған теңіз болған. Қазір тек құм дала, соққан дауыл ғана бар. Тіршілік атаулы жоқ. Оны тек жүздеген шақырым жол жүріп кезіктіресіз.

Арал атырабына 2017 жылдан бері сексеуіл егіледі. Өзбек билігі бұл істі әлемдік қауымдастықпен бірлесіп атқарады. Сенім қорына аударылған қаржы экологияны жақсартуға жұмсалады. Сол арқылы 1 миллион 500 мың гектар алқапта сексеуіл өсімдігі өсіп тұр дейді мамандар.

Азамат Әжімұратов, министрлер кеңесі мәлімдеме қызметінің басшысы:

- Сексеуілдің шақасын денеге тигізіп көрсеңіз, удан да ащы. Бұл дегеніміз ұшатын тұзды бойында ұстап қалу қасиетіне ие. 7-8 жыл бұрын Мойнақта жел көз аштырмайтын. Қазір самал бар. Дегенмен құмның көтерілгені жоқ. Сексеуіл, жыңғылдың пайдасы осы.

Теңіздің жайы қарақалпақ халқының мұң-зарына айналған. Оны мына ескерткіштен байқадық. 1940 жылдары ұлын соғысқа аттандырған ананың құрметіне қойылған белгі. Перзенті майданға кеткеннен із-түзсіз жоғалады. Қаралы хабар келмейді. Жылдар өтеді, бала оралмайды, теңіз де жағадан алыстай береді. Табиғатпен қоса, ана да төл перзентінен айырылады.

Мойнақтың қазіргі тыныс-тіршілігі Аралдың ендігі батыс бөлігімен біте қайнасқан. Көлемі Өлі теңізден бірнеше есе үлкен айдын. Суы ащы болғандықтан балық атаулы тіршілік етпейді. Сондықтан жергілікті жұрт Үстірт атырабындағы аумақты тек туристік мақсатта қолданады. Таяуда Мойнақта жаңа әуежай іске қосылды. Шетелдік туристердің экологиялық апат аймағына жетуіне жағдай жасалып, саяхат турлары ұйымдастырылады.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Экотуризмнен этнотуризмге. Қазіргі Қарақалпақстан аумағында ежелгі тарихи-мәдени, көне ескерткіштер де көп. Олардың дені Әмудария өзенінің бойында орналасқан. Соның бірі – мына Аязқала. Атауынан да аңғаруға болады. Суық мекен дегенді білдіреді. Жыл 12 ай мұнда үздіксіз дауыл, жел соғып тұратын көрінеді.

Ежелгі Жейхундария бойында 200-ге жуық қала болған. Бертін келе бұл жер Шыңғысхан шапқыншылығын да көрген деседі. Алайда көне орын жойылып кетудің алдында тұр. Қышқала ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне ұсынылған.

Елшод Валиев, туризм және мәдени мирас министрлігінің баспасөз қызметкері:

- Бүгінде Қоңсылас Қазақстаннан көп туристер келіп жатыр. Әсіресе, мына зиярат туризміне қызығушылық бар. Мойнақтағы Хәкім ата зиярат орны, Қоңырат ауданындағы Дәуіт ата зиярат орны, сонымен қатар Қожелі ауданында жайғасқан Міззахан зиярат орны ежелгі қала болып есептеледі, сол жерлерге келушілер көп.

Тұтас Өзбекстан секілді Қарақалпақстанды да қалың қазақ мекендейді. Ресми статистика бойынша 250 мың қандасымыз тұрады. Бұл елді тек Аралдың ғана емес, Әмударияның да жайы қинайды. Суы жылдан жылға азайып бара жатқан өзен табаны кейде теңізге де жетпейді. Жалпы Арал ахуалы әлемдік деңгейдегі проблема. Оны шешуге Қазақстан да күш салып жатыр. Кіші Аралды құтқаруға, онда балық түрлерінің көбеюіне жағдай жасалды. Енді бұған көрші мемлекеттер, соның ішінде Сырдария мен Әмудария өзенінің бойында орналасқан елдер атсалысуы қажет. Сонда ғана Арал аймағының мәселелері шешімін таппақ.

Рауан Мыңбаев, Санжар Шатөлегенов