Атырау облысының егіншілері көктемгі дала жұмыстарын кеш бастауға мәжбүр

Атырау облысының егіншілері көктемгі дала жұмыстарын жылдағыдай 1,5 айға кеш бастауға мәжбүр. Мұнайлы өңірде қар ерте кеткенімен жұмыс күшінің аздығынан жер жыртып, тұқым себу жұмыстары кешеуілдеп жатыр. Бұған дейін облыстағы 650-ге жуық шаруашылық Өзбекстаннан келетін азаматтардың қол күшін пайдаланып келген еді. Биыл еңбек квотасының екі есеге қысқаруы дала жұмыстарына қолбайлау болып отыр. Соның салдарынан шаруалар егіс көлемін қысқартып, қыруар пайдадан қағылғалы тұр. 

Соқа-сайманы мен техникасын дайын еткен шаруалар жер жыртуға әлі кіріскен жоқ. Біз аралап көрген бұл шаруашылықта 350 гектар егіс алқабы бар екен. Бірақ дала төсінен тірі жанды таппайсыз. Себеп егетін тұқым дайын емес. Жылыжайларда жұмыс енді ғана басталып жатыр.

Айдос Байниязов, егістік агрономы:

- Бұл тәтті бұрыш, оның тұқымы қатты болады. Ол бір аптасыз шығып болмайды. Бұрын ақпан айында осыларды отырғызып бастайтынбыз: перец пен баклажанды. Дала жұмыстарына да дайын емеспіз. Былтыр-алдыңғы жылдары сәуірде бастап кететінбіз картоп, сәбіз, пияз отырғызуды. 

Мына тұқымбақта 500 мың түп тұқым өсіріледі. Ақпан айында арнайы көшеттерде өнген өскін осы уақытта егістік алқабына отырғызыла бастайтын. Биыл жұмыс күшінің жоқтығынан қыруар жұмыс тұралап қалған.

Қоныс Ерманов, шаруашылық жетекшісі:

- Биыл 200 гектар егеміз деп отырғанбыз. Енді қанша тырыссақ та үлгіре алмаймыз. 100-120 гектарды игерсек деген жоспар бар. Адам күші 90 адамға тапсырыс бергенбіз, оның 45 адамына рұқсат алдық. Әлі де квота қарастырамыз дегенді облыс басшылары айтып жатыр. 

Көктемнің бір күні жылға азық екенін ескерсек, биыл атыраулық егіншілер қыруар пайдадан қағылғалы тұр. Себебі жергілікті тұрғындардың дала жұмыстарына ынтасы жоқ, сырттан келетіндерге квота шектеулі. Біз аралаған шаруашылыққа қазір 50-ге тарта шетел жұмысшысы келіпті. Оның әрқайсысының жолақысы мен басқа да шығыны 250 мың теңге шамасында. Ол шығын шаруашылықтың мойнына түседі. Ал алдырмауға амал жоқ.  

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Биыл Атырау облысы бойынша 9700 гектар жерге тұқым себіледі деп күтіліп отыр. Қазір дала жұмыстары әлі бастала қойған жоқ. Шаруаларды қинап отырғаны: қазіргі жұмыстың кеш басталғаны ғана емес, ертең күзде кеш егілген тұқым кеш өнім береді. Соның ішінде, мысалы, 120 күнде өнім беретін пияз пісіп үлгірмей қалуы да мүмкін. 

Атырау облысына бөлінген еңбек квотасы бойынша 300 шетелдік азамат шаруашылықтарға сұраныс бойынша таратылып берілді. Бірақ ол жеткіліксіз. Сондықтан жергілікті билік Үкіметтен оны әлі де көбейтуді сұрап отыр.

Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев