Павлодар облысында балықтарды құтқару шарасы орманшыларға жүктелген

Тұқы, сазан, шортан, алабұға. Облыс орталығынан 40 шақырым жерде орналасқан бұл тоғанда балықтың бірнеше түрі тіршілік етеді. Жақын маңдағы бірнеше ауыл халқы мұнда балық аулайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қыс басталғалы Ертіс өңірінің оқшауланған су тоғандарында 1200-ден астам осындай шұңқыр қазылды. Басты мақсат – балықтар мен балдырларды ауамен қамтамасыз ету. Шұңқыр қатып қалмас үшін осы маңда өсетін қамыс пайдаланылады. Мамандардың айтуынша, бұл – тиімді әрі қарапайым тәсіл.

Шағын су тоғаны алты шақырымға созылады. Қыста мұздың қалыңдығы бір метрден асады. Бір жыл бұрын көлге жауапты табиғат пайдаланушы міндетін орындамағандықтан, келісімшарт бұзылған. Енді қорғау шаралары жергілікті орманшыларға жүктелді.

Мейрам Мүткенов, орманшы:

Елді мекенде тұрғаннан кейін ата-бабаларымыз осы жерде балықпен күн көрген. Біз елдің азаматтары келіп, балық аулайды. Рұқсат берілген кезінде. Осы салада төрт жыл қызмет етемін. Төрт жылда ондай болған жоқ. Көлдің жанында қамыс көп. балықтың сасығанан көрген жоқпыз.

Соңғы онжылдықта Ертіс өңірінің су айдындарында балық қоры айтарлықтай азайған. Аймақтағы ірілі-ұсақты су тоғандарында сазан, тұқы, көксерке сияқты 30-ға жуық балық түрі тіршілік етеді. Сондықтан осы тектес шаралар күшейтілді.

Василий Павлов, Зайсан-Ертіс облысаралық бассейн инспекциясының бас маманы:

– Бөлек жатқан көлшіктерде балық қырылуы әбден мүмкін. Барлығы гидрологиялық режимге байланысты. Су қоры жеткілікті болса, жағдай тұрақты. Аз болса, қауіп төнеді. Сондықтан табиғат пайдаланушыларына жауапкершілік жүктеледі. Біз өз тарапымыздан мониторинг жүргіземіз.

Облыста су маржандарын қорғаумен қатар балық шаруашылығын дамыту жобалары жүзеге асырыла бастады. 2030 жылға дейінгі кешенді бағдарламаның басты мақсаты – халықты сапалы өніммен қамту, шаруашылықты өнеркәсіптік деңгейге көтеру.

Жасұлан Жұмашев, облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының бөлім басшысы:

– Өткен жылы тауарлы балық өндірісі іске қосылды. 50 мың тонна балық өсірілді. Ендігі кезеңде бұл көлемді еке есе көбейтеміз. Тауарлы өнім өндірушілер қатары 11-ге жетті. Сонымен қатар балық азығын шығару жұмыс қолға алынды. Алдағы уақытта өндірістік деңгейге көтереміз.

Үкіметтік бағдарлама шеңберінде 2030 жылға қарай бір жылда 10 мың тонна өнім өндірілмек. Ал балық шаруашылығын тізгіндеген кәсіпкерлер дәрілік заттар мен майшабақтарды сатып алу бойынша субсидияланбақ.

Авторлары: Ақмарал Есміханова және Жеңіс Темірболат