Жерлестеріміз қағаз ұшақ ұшырып, Австрияға жолдама алды

Мектеп кезінде қағаз, газеттен ұшақ  жасап, аспанға ұшырып ойнайтын балалар арманы қазір салмақты сайысқа айналған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Естімеген елде көп. Әлемнің 64 мемлекеті бүгінде қағаз ұшақ ұшырудан чемпионат өткізуді дәстүрге айналдырған. Елімізде де осындай сайыс танымал бола бастады. Өйткені жастар арасында қызығушылық та жоқ емес екен. Басты жүлдесі де қомақты – жеңімпаз әлемдік деңгейде өнер көрсетуге жолдама алады.

Осылайша қағаз ұшақ ұшырып та жарысуға болады. Бұл тек біздің елде ғана емес, әлемнің 64 елінде өтетін дәстүрлі ойын.  Әрине оны неғұрлым алысқа ұшыра білу міндет. Екіншіден, әуеде көбірек қалықтату да маңызды. Осындай ептілер қағаз ұшақ ұшырудан Қазақстан чемпионатында өнерін ортаға салды.

Никита Ильченко, ұйымдастырушы:

– Бүгін ел ішілік ақтық сын өтіп жатыр. Қатысушылар Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды қалаларындағы 10 университеттен келіп отыр. Олар қалалық деңгейде өнер көрсетіп, үздік нәтиже көрсете алғандар.

Қағаз ұшақ ұшыру оңай ермек көрінгенімен, топ жарып шығу арнайы дайындықты қажет етеді. Физика заңдарын, инерция, үйкеліс күшін ескеру міндет. Осы сайыста жеңімпаз атанған Айбек қағаз ұшақты әуеде 8 секунд қалықтата алды. Алмас есімді қатысушы қағаз ұшақты 41 метр қашықтыққа ұшырып, үздік атанды. Үшінші жеңімпаз бірегей қойылымымен көзге түсті.

Айбек Атабай, сайыс жеңімпазы:

– Мен Айбек Атабай бүгін ұшақты алыс қашықтыққа уақытқа ұшырудан бірінші орын алдым. Енді Қазақстан намысын әлем чемпионатында қорғаймын. Мен бос уақытымда оригамимен айналысқанды жақсы көремін.Сол бүгін тікұшақты жақсы құрастырып, ұшағым әуеде 7 секунд 9 миллисекунд қалықтады. Өте қуанышытымын жеңгеніме.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, 18 жастан асқан кез келген азамат қағаз ұшақ ұшыру шеберлігін игерсе, әлемдік деңгейде бақ сынай алады. Ал бүгінгі 40 қатысушының арасында ең үлкені – 50 жастағы Қарағанды тұрғыны. Қазылар да осал емес. Қатарында кәсіби ұшқышқа дейін бар. Олар 3 аталым бойынша баға берді. Ал бүгінгі сайыстың үш жеңімпазы таяуда Австрияның Зальцбург қаласында қазақтың көк туын желбіретеді.