Су басқан аудандарға гуманитарлық көмек әлі жеткізілмеген – БҚО

Енді Жәнібек ауданының ауылдарын қатты ағыс шайып кетті. Жүзден астам үйге су кірген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғындар мектеп ғимаратын паналап отыр. Аймақтағы арна тілшісі Еркебұлан Смадияров телефон арқылы байланысқа шығып, су басқан ауылдарда қандай жұмыстар жүргізіліп жатқаны туралы баяндады.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

– Жәнібек ауданындағы Жақсыбай елді мекенінде шамамен 170 үйге су кірген. 305 адам мектеп ғимаратына оқшауланды. Қалғаны туыстарының үйін паналап отыр. Ал Талов ауылында екі баспанаға зақым келді. Әйтеуір адамдар аман. Ал малдан шығын бар. Кеше түннен бері тұрғындар өз күштерімен амалдап, әрекет жасап жатыр. Айтуларынша, облыс әкімдігі мен төтенше жағдайлар департаментінен ешкім келмеген. Ал аудандағы ескі-құсқы техникалар апатты ауыздықтауға мардымсыз. Көлік қатынасы үзілген Жақсыбай ауылында азық-түлік қоры таусыла келді. Гуманитарлық көмек әлі жеткізілмеген. Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері Атырау облысынан тік ұшақ, арнайы техникалар және құтқарушылар жұмылдырылатынын айтты. Айта кетейік, бұған дейін облыстағы Қаратөбе, Шыңғырлау, Бөрлі аудандарында төтенше жағдай режимі жарияланған еді. Облыстық жедел штаб бұл тізімге енді Жәнібек ауданы да енгізілетінін хабарлады. Әзірге ақпарат осы. Жағдайды назарда ұстап отырмыз.