Түркістан облысындағы мүгедек жандардың мүмкіндігі шектеулі

Түркістан облысында 100 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі азамат тұрады. Бірақ ересектерге арналған бір де бір сауықтыру орталығы жоқ.  Ал жәрдемақы ақылы ем алуға жетпейді дейді мүгедектер.  «Қордаланған мәселеміз бұл ғана емес».

- Қолыңызды массаж қылып берейін ба, қолыңыз мұздап қалыпты ғой. 

Кентаулық Зухра Нұрмұхамедова 10 жылдан бері мүмкіндігі шектеулі жанның күтіміне қарайды. Дәрі-дәрмегі мен қажетті заттарды айтпағанда сал адамды сыртқа шығарып, серуендетудің өзі қиын екенін айтады. 

Зухра Нұрмұхамедова, жеке көмекші:

- Беретіні екі памперс, оны неге жеткіземін? Мысалы, бір күнде үш, төртеуін қолданамыз. Далаға шығарайын десек детский коляска беріп тұр да. По размеру ол коляскаға сыймайды да, далаға шыға алмай отыр.

Кентау қаласында 10 мыңға жуық мүгедек тұрады. Олардың шешілмеген мәселесі шаш-етектен. Мәселен, мыңдаған адамға бар-жоғы 3 инватакси қызмет көрсетеді. Оның өзін сағаттап күтеді. Ал ғимараттарда пандус жоқ. Барлары мүлде талапқа сай келмейді. Бағдаршамдар зағиптарға арналмаған. Жанарынан айырылғандар шұрық-тесік жолмен жүруге мәжбүр. Сот пен прокуратураға тіпті маңайлай алмайды. 

- Кіруге мүмкіндік жоқ, арыз-шағым жазуға да мүмкіндік жоқ. Қабылдау бөлмесі де жоқ. 

Кентаулық мүгедектер оңалту орталығына барып көрген емес. Себебі жүз мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі азамат тұратын өңірде бір де бір арнайы орталық жоқ. Ақылы ем қабылдауға жәрдемақы жетпейді.  

Дүйсенәлі Жүсіпов, "Мүгедектер қоғамы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы: 

- Бірінші топтың мүгедегі алатыны 69 мың теңге. Екінші топ мүгедегі 63 мың алады. Ештеңеге бара алмайды ондай ақшамен. Шынын айтса, өз семьясын да асырай алмайды. 

Нұрлан Болғаныс, 1-топ мүгедегі:

- Мысалы, бізге қолдануға берілетін телефондар сөйлейтін программасы көтере алмағандықтан ол затты пайдалана алмаймыз. 

Ал оларға  күтім жасайтын жеке көмекшілердің жалақысы 50 мың теңге. Еңбек өтілі де есептелмейді. 

Жазира Жанасбаева, жеке көмекші:   

- Ешқандай ештеңеге жетпейді базарға барсаң елу мыңға. Не медстрахование жүрмейді. Не пенсионный жүрмейді.

Ал жауаптылар жәрдемақыны көтеруге жергілікті бюджетте қаржы жоқ дейді.   

Нұржан Нұрашев, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

- Республика көлемінде атқарылатын жеке көмекшілердің айлығын көтеру жөнінде ұсыныс түскен. Мына памперстердің санын көбейту жөнінде мәселе де республика бойынша бүгінгі таңда қаралу үстінде.

Басқармадағылар оңалту орталығын келер жылы ашамыз деп сендірді. Ал қаражат биыл бөлінген жағдайда 200 орынға лайықталған кешеннің құрылысы басталмақ. 

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш