Ақтауда қондырғылардың ескіруінен ауыз су мәселесі шешілмей тұр 

Сәуір басталғалы бері ақтаулықтар ауыз суға жарымай келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қала бойынша тіршілік нәрі, әсіресе, соңғы тәулікте болған жоқ. Айта кетейік, Ақтау мен оған жақын тұрған бірнеше ауданға энергетикалық комбинат теңіз суын тұщытып береді. Кәсіпорында 8 су тұщыту қондырғысы бар. Соның бесеуі кеңестік кезеңде іске қосылған. Яғни олардың қолданыс мерзімі әлдеқашан өткен. 1 сәуірде бас сорғы станциясының коллекторынан ақау табылуына байланысты орталық ауыз су желісі уақытша өшірілді. 2 тәуліктен соң дәл осы жағдай қайталанған. Жөндеуден соң бүгін таңертең ауыз су барлық шағын ауданға берілді.

Руслан Бектемір, энергетикалық комбинат басшысының орынбасары:

– Алғашқы күні алдын ала жоспарланған жұмыстарды жүргізу үшін таңертеңнен кешке дейін ауыз суды беру тоқтатылатынын хабарлағанбыз. Бірақ өкінішке орай кейін пайда болған ақауларға байланысты жөндеу жұмыстары жүргізуге тура келді. 26 сәуірде жұмыстардың барлығы аяқталады.