ШҚО-да қар тез еріп жатыр

Соңғы екі тәулікте таулы жерлердегі қардың көлемі 66 процентке азайған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондықтан су тасқынының алдын алу үшін аудандарда бақылау күшейтілді. Өзен арналары мен таулардың үстінен әуе көліктері ұшып жүр. Авиациялық рейд барысында құтқарушылар Ертістегі мұздың ери бастағанын, Шемонаиха ауданындағы Үбі трансшекаралық өзеніндегі мұздың толық кеткенін хабарлады. Алайда жағалаудан су аспаған. Естеріңізге сала кетейік, өңірдегі 108 елді мекенді су басу қаупі бар. Ауылдарда 6 мың тоннадан астам инертті материалдар дайындалды, тұрғын үй алаптарынан 400 мың текше метрге дейін қар шығарылды, 588 шақырым арық тазартылды, 4 мыңға жуық гидротехникалық құрылыстар тексерілді.

Нұржан Жұмаділов, облыс әкімінің орынбасары:

– Төтенше жағдай департаментімен, облыс прокуратурасымен және жергілікті атқару органдарымен қар еру жағдайын тексеріп шықтық. Бірінші Глубокий, Шемонайха ауданы, Прадолик ауданы. Барлық аудандардың гидротехникалық құрылғыларын тексердік. Қазіргі күнде қардың еруі байқалып жатыр. Өзендер ашылып жатыр. Жағдай тұрақты. Елді мекенде су басу қаупі жоқ.