Қырғауылды тұрғындары өзен суын ішіп отыр – Алматы облысы

Алматы облысы Қырғауылды ауылының тұрғындарын ауыз су мәселесі толғандырып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Таза су керек деп 2019 жылдан бері жергілікті халықтың бармаған жері жоқ. Әкімдіктегілер уәдені үйіп-төгумен шығарып салады екен. Ал су шығарып берем деп тұрғындардан қыруар ақшаны жиып алған кәсіпкер қашқақтап жүр дейді. Қырғауылдыға көшіп келгенде «тау етегі, таза ауа» деп қатты қуанған Сағидың көңілін су мәселесі су сепкендей басыпты. Біріншіден, үйіне тіршілік нәрін тарту үшін 450 мың теңге төлесе, одан кейін ай сайын текше метріне 350 теңгеден беріп келген. Судың да сұрауы бар деп оған да келіскен. Алайда қыруар ақшаға кіргізген суды ішу былай тұрсын, тіпті жуынуға жарамайды.

Сағи Ғұбайдулла, ауыл тұрғыны:

  Бала-шағаны литрі 10 теңгелік суды сатып алып келеміз соны амалдап, әйтеуір жылытып, соған жуындырамыз. Басқа амал жоқ оған. Жұмысқа барған кезде де әйел бала-шаға ренжиді мысалға. Жуынып емес, бұған ауыз шәйіп, мұрын сіңбіру мүмкін емес. Бактериялар толып жатыр ішінде.

2-3 жыл бойы лас суды пайдаланып келе жатқан тұрғындар түрлі ауруға шалдыққандарын айтады. Су шығарып береміз деп халықтан ақшасын жинап алған жеке кәсіпкер Ержан Темірбаевтың өзі жиынға келген жоқ.

Тимур Ержанұлы, кәсіпкердің ұлы:

  Мен баласымын, баласы ретінде келіп тұрмын. Ол кісі кішкене ауырыңқырап қалды. Содан  кейін келе алмай қалды мен сол кісінің орнына келіп тұрмын. Су жүріп жатыр, бурение жүріп жатыр. Бірақ шықпай жатыр жердің астындағы су. Сол халықты сумен қамтамасыз ете алмай жатырмыз. 2-3 жыл болды. Уже үшінші жер ма төртінші жер ма, қазып жатырмыз су шықпай жатыр.

Көкенай Демесінов, ауыл тұрғыны:

  Сөздерінің бәрі сплошной өтірік. Самом деле они сейчай пробурили 4 скважины. Біреуінде разрешение жоқ. Министерство ресурсов қазір  мынаны естісе шыны  келгенде жақсылық болмайды. СКЛ 00 16 53. *350 теңге кубына бердік. Сонда бұл масқара ғой. Қазір айтқан сөзін қарамайсыз ба? Құдай  бұйыртса дейді. Мына скважинада ешқандай документ жоқ. 0 Бұл контрабанда. Нелегальгный бурение идет.    

Қазір Қарасай ауданына қарасты Қырғауылды ауылының 200-ден аса тұрғыны таудан ағып жатқан өзен суын пайдаланып отыр. Бірнеше күндік жауыннан кейін әбден лайланып кеткен. Жиынға келемін деп келмеген Райымбек ауылдық округінің әкімін бүгін жұмыс орнына іздеп бардық.

Елжан Төленбаев, Райымбек ауылдық округінің әкімі:

15 км 210-дық труба су құбыры тартылды. Қазіргі таңда бір жарым мың кубтық екі су қойма тазарту жұмыстары жүргізіліп отыр. Келешекте Жаңатұрмыс, Қырғауылды ауылында сумен қамтамасыз етіледі халыққа.

Қырғауылдыда мемлекет есебінен тартылып жатқан су құбыры болжам бойынша биыл аяқталуы мүмкін. Мүмкін дейтініміз, халықтың қашан таза су ішетінін әкім дөп басып айта алмады. Жолмен, жарық мәселесін өздері шешіп алған жергілікті тұрғындар, әкімдік тым құрыса ауыз суды тездетіп тартып берсе дейді.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Кенже Амраев