Қостанай облысының диқандары егіс науқанына дайындықты бастады

Биыл қостанайлық диқандардың жақсы өнім аламыз деген үміті зор. Топырақтағы ылғалдың молдығы, қардың қалыңдығы осындай сенім ұялатып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір олар тұқымын қамдап, техникасын сайлап, алдағы науқанға барынша дайындалып жатыр. Көңіл алаңдататын жәйттер де жоқ емес. Соның ішінде негізгі мәселе, шетелден қосалқы бөлшектерді жеткізу қиындығы және бидай тұқымының қымбаттығы. Арқалық қаласының ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Руслан Көлетов мұндай қалың қарды өңірде көптен көрген жоқпыз емес дейді. Былтыр жаздағыдай алпыс күн аптап ыстық болмаса, өнімділік кемі ортадан жоғары шығады деп отыр.  

Руслан Көлетов, Арқалық қаласының ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Жобалаған кезімізде біз енді былтырғы жылы 4 центнерден алатын болсақ, биылғы жылы 8-12 центнерден аламыз ба деген жоспарымыз бар. Бұл енді көктемгі негізгі жұмыстарымызға ылғал жеткілікті. Енді содан кейінгі жаңбыр болатын болса, ол енді нұр үстіне нұр болады деп ойлаймын.

Арқалық аумағындағы егістік жер көлемі 325 мың гектар. Негізінен бидай әрине, бірақ биыл олар құрғақшылыққа төзімді майлы дақылдар көлемін 3 есеге ұлғайтпақ. Техника 95 процент әзір, тұқым жеткілікті, жанар-жағар май бөлінген. Восточный ауылындағы ірі серіктестіктің техника паркі тек шетелдік  дән сепкіш кешендерінен тұрады екен. Бәрі сайлы, дайын тұр десек те, санкцияға байланысты Германиялық техниканың қосалқы бөлшектерін жеткізуде логистикалық қиындықтар туындаған.    

Ермек Қазбеков, инженер:

– Ресей арқылы таситынбыз. Мәскеу арқылы. Қазір ол жағы қиындап кетті. Түрік мемлекеті арқылы шешіледі деп жатыр бұл шаруа. Сондықтан уақыты да ұзартылады. Сосын ақша жағынан кішкене көтеріңкі бағамен. 10-15 процентке қымбаттады.  

Шындығын айтайық, шаруалар мемлекет қолдауынан кенде емес. Биыл көктемгі егісті қаржыландыруға облыс бойынша 26 млдр теңге жеңілдетілген несие бөлінген. Бірақ оның да түйткіл тұстары бар екен.

Иван Попович, шаруа:

Тіпті «Қолдау» бағдарламасы бойынша несие рәсімдеу қиындық тудырды. Электронды платформаға кіріп, толтыра бастайсың, қол қоюға келген кезде, шығарып тастайды немесе ақша жоқ деген жауап келеді. Бірнеше рет қайталанды сондай жағдай. 

Тағы бір мәселе – өзімізде шығарылатын элиталық тұқым бағасының  күрт көтеріліп кеткендігі. Сондықтан кейбірі көрші елден алдыртуға мәжбүр.

Мереке Смағұлов, шаруа:

– Мысалы, орыстар бізге тұқымды 150 мың теңгеден берсе, бізде 180 мың теңгеден кемі жоқ 2 репродукция. Элиталар 200 мыңға шығып кетті. Неге десеңіз, жәй тауарлы бидай әлемдік нарықта 400 дорлларға кетіп қалды. Санкциядан кейін теңгеге доллар көтерілгесін баға да өсті.

Биыл Ресей жағы астық экспортына тыйым салғандықтан, қостанайлық шарулар көрші елден 8 мың тоннаға жуық тұқымды жеткізе алмай отыр. Бірқатары оның ақшасын да төлеп қойған. Мамандар бұл мәселе жақын арада оң шешімін табады деген сенімде.

Авторлары: Мағауия Қалиев Сергей Трахтенберг