Қазақстанға келген қандастардың қай өңірлерге қоныстанғаны белгілі болды

Қазақстанға келген қандастардың қай өңірлерге қоныстанғаны белгілі болды
gov.kz

2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 3 078 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 90,1 мың этникалық қазақ оралды.

ҚР ЕХӘҚМ баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысынан көбі (66,3%) Өзбекстаннан, 11,3% – Қытайдан, 10,9% – Түрікменстаннан, 2,2% – Моңғолиядан және 9,3% басқа елдерден.

– Келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (30,2%), Маңғыстау (19%), Түркістан (11,4%) және Жамбыл (5,9%) облыстарына, сондай-ақ Алматы (6,5%), Нұр-Сұлтан (7,1%) және Шымкент (7,6%) қалаларына қоныстанды.

Ағымдағы жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 62,7%-ті, еңбекке қабілетті жастан кіші 23,2%-ті және зейнеткерлер 14,1%-ті құрайды, – делінген мәліметте.

Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 11,5%-і жоғары білімді, 39,6%-і орта кәсіби білімді, 47%-і жалпы орта білімді және 1,8%-інің білімі жоқ.