Кеншілер зейнет жасының төмендетілуін тілейді

Осыдан екі күн бұрын ғана Қарағандыдағы шахталардың бірінде оқыс оқиға болып, бір шахтердің қаза тапқаны анықталды. Былтыр «Абай» шахтасында болған трагедияны білесіздер. Ол кезде 6 кеншіден айырылып қалып едік. Жалпы Қазақстанда кеншілердің қауіпсіздігіне қашан көңіл бөлінеді? Бүгін жұмысқа кеткен ердің кешкісін үйіне қайтуы неғайбыл болып қалды ғой.

Тәуелсіздік алғаннан бері Қарағанды облысының кен орындарында жүздеген кенші жазатайым мерт болды. Қайғылы оқиғалардың себебі әртүрлі. 1994 жылы «Ақтас» шахтасында өрт шығып, 11 кенші қаза тапты. Сол жылы «Қазақстан» шахтасында да жарылыс болып тағы 14 адам көз жұмды. 1995 жылы «Ленин» атындағы шахтада болған төтенше жағдай салдарынан 13 кенші мерт болды. 2006 жылы да дәл осы кен орнында Қазақстан тарихындағы ең ірі апат болып, 41 кенші қыршыннан қиылған. Одан кейін араға 2 жыл салып, 2008 жылы «Абай» шахтасында болған апат салдарынан 30 кенші өлім құшты. 2021 жылы дәл осы кен орнында газ метан тарап, салдарынан 6 кеншінінің жансыз денесі табылған. Барлық жағдайда комиссия құрылды, тергеу жүрді, жауаптылар жұмысынан қуылды. Бірақ маңыздысы бұл емес. Ақиқаты кен орындарындағы қауіпсіздік мәселесі әлі де күрделі. 

Евгений Буслаев, "Қорғау" кәсіподағының төрағасы:

- Олар қызмет ететін құрал-жабдықтар ескірген. Жұмыс орындарында ауқымды жаңарту жүргізілуі тиіс. Себебі қазіргі техниканың жұмыс істеу уақыты біткен.  Енді компаниядан нақты қадам мен ұсыныстар күтеміз. 

Компания нақты ұсыныстар мен қадам жасағандай болады. Бірақ іс жүзінде оның нәтижесі шамалы. Әйтпегенде ширек ғасырда жүздеген адамның мерт болуын қалай түсіндіруге болады? Тағы бір айқын дәлелі - сот былтыр Қарағанды облысының «Күзембай» атындағы шахтасында кеншілер өміріне қауіп төндірген құрылғының жұмысына тиым салды. Өнеркәсіптік қауыпсіздік департаменті  өкілдерінің айтуынша шахталарда құрылғы жабдықтары  ескірген және тозығы жеткендігін, тіпті кей кездері  қолдануға аса  қауіпті құрылғылардың көп екенін айтқан.

Виктор Маркарянц, өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің бөлім басшысы:

- Аталмыш өндірісте жұмысшылар жарақат алу ықтималы жоғары еді. Немесе апатты жағдай туындап желдету талаптары бұзылуы  мүмкін болған.  Өйткені қазба орынының жағдайы талапқа сай емес. Өткен жылы тексеріс  жүргізгенбіз.  Мұндай олқылық болмаған. Яғни бір жыл ішінде жағдай қиындағанын көріп отырмыз. Біз, жылына бір мәрте тексереміз.  Тағылған 8 бірдей ескертпенің тек 2-уі ғана жойылған.

Абай шахтасындағы апаттан кейін наразы кеншілердің қатары көбейді. Олар жергілікті билікке нақты талаптарын қойған. Талап 12 пункттен тұрды.  Ең негізгілері қауіпсіз еңбек, лайықты жалақы және кен орындарындағы техникаларды жаңартып, қызметкерлер жетіспеушілігі мәселесін шешу, сондай-ақ зейнет жасын төмендету болды. Келісім комиссиясы аз уақытта 12 талапты жеке-жеке қарап, кеншілердің айлығы әр жылдың қаңтар айында  елдегі инфлияцияға сай индексацияланып отыратын болды, жылдық ставкасы 5 процент болатын, алғашқы жарнасыз  кеншілер ипотекасы жасалды. Бұдан өзге штаттық дефицит толық жойылмағанша ай сайын жұмысқа кемі жүз-жүзден жаңа кенші қабылданып отыратын болды. Ал зейнет жасын төмендету жергілікті әкімдіктің емес, үкіметтің құзырындағы мәселе екені айтылды.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев