Елорданың Қоянды ауылын су басты

Елорда іргесіндегі Қоянды ауылында көшелер мен аулаларды су басты. Осыған байланысты кейбір үйлер қаңырап бос тұр. Әсіресе төменгі аудандарда жағдай мүшкіл. Жаяу жүргіншілер мен көлік жүргізушілері әбден әбігерге түсті.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Бұл ешқандай да көл емес, Қояндыдағы қарапайым көшелердің бірі. Тұрғындар арғы беттен мына бергі жаққа жаяу өтуден қиналады. Әр көктем сайын қояндылықтардың көрген күні осы.

Көлігің болмаса Қояндыда жүріп-тұру қиын, дейді тұрғындар. Әйтеуір уақытша өткелден бір-бірін жол-жөнекей тасымалдап жатқандар көп. Мезі қылған мәселені әлеуметтік желіде әзілмен жеткізіп жатқандар да бар.

Осыған қарап, көкейге "қыста қар шығарылды ма" деген сауал оралады. Ауыл тұрғыны Данияр Әділбеков көшедегі қарды өз ақшамызға тазалаттық, дейді.  

Данияр Әділбеков, ауыл тұрғыны:

- Қар шығарылады. Тек өз күшімізбен. Көршілермен ақша жинап, қар тазалаймыз. Жылда болатын мәселе осы су. Шеттен көмек болатын шығар. Төменгі жақтағы суларды сорғылайды.

Бірнеше тәулік бойы суды сорғызып, төтенше жағдайлар департаменті мамандарын қара жұмысқа салғаннан не пайда?! Бірінші кезекте қызыл су көшелер мен аулаларды айналып өтетіндей тоған қазу керек, дейді Оралбай Мұхтарбекұлы.

Оралбай Мұхтарбекұлы, ауыл тұрғыны:

- Жеті жылдан бері бір тоған, бір канал қазылған жоқ. Канал болғанда диаметрі 1 метр, ені 40 сантиметр осы жерден сала салса, 1 жылда 17 млн теңге шығарады. Мына қаптап тұрған халық мына әскердің күшіне жартысына бітетін тоған.

Ауыл әкімі Айбек Есеевтің айтуынша, наурыз айынан бері елді мекеннен 25 мың текше метр қар шығарылған. Алдағы жылы ауыл жанынан айналма канал қазу көзделіп отыр. Ал көп үйді жыл сайын су басу жағдайын әкім төменгі аудандардағы жер телімдерінің осыдан 10 жыл бұрын заңсыз берілгенімен түсіндірді.

Айбек Есеев, Қоянды ауылының әкімі:

- Біз осы тұрған жерде 300-ден астам жер телімдері, үйлер заңсыз салынған. Әлеуметтік шу туғызбау үшін мүлікті жария ету заңына сай бұл тұрғын үйлер заңдастырылған. Алайда дала суының өту жолы проблемасы қалып қойған. Сол канал қазылса, даладан келетін тасқын суды ауылдан айналып өткізу жоспарлануда. Ол қай жылға, биылғы жылға. Уақтылы қаржыландыру болса, онда биылға жоспарлануда. Қажетті қаражат енді есептеледі, себебі сметалық-құжат әзірленеді.

Жобалық-сметалық құжаттың сараптамасы биыл жаз ортасында дайын болмақ.

Айта кеткен жөн, Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары мұнда 2 сәуірде келген. Содан бері тасқынмен арпалысып жатыр. Қояндыдағы қарғын суды сору және құм себу жұмыстарына 10 техника, 8 мотопомпа және 51 маман жұмылдырылған. Жалпы 3 тәулік ішінде Целиноград ауданынан 196 мың текше метр су шығарылды.

Мирлан Алтынбек, Асхат Қарақойшиев