Көкшетауда жыл басынан бері 13 балаға зорлық жасалған

Жыл басынан бері Ақмола облысында 98 бала тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болған. Ең сорақысы, 13 бүлдіршіннің зорлануы. Полиция қызметкерлері соңғы жылдары мұндай қылмыстың көбейгенін айтады. Зардап шеккен балалар көпке дейін психологиялық соққыдан есеңгіреп жүреді. Сондықтан бұл қылмыс түрлерін тергеудің жаңа әдісі тәжірибеге енгізіліп отыр.

Отбасындағы кикілжіңнің куәгері мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың басты құрбаны – балалар. Полицейлердің пайымынша әке-шешесі қол көтеріп немесе психологиялық қысым көрген бүлдіршіндердің қалыпты өмір сүруі үшін ұзақ уақыт керек.

Бақтияр Сүлейменов, облыстық ПД басшысының орынбасары:

 - Полиция бөлімдерінде балалармен жұмыс жасауға жағдай бола бермейді. Қызметке сай жабдықталған бөлмелерде бала тұйықталып, өзін еркін сезіне алмайды. 

Жағдайды ушықтырып, басына күн туған бүлдіршіннің көңіліне одан сайын қаяу түсірмеу үшін тергеу амалдары арнаулы орында жүргізілетін болды. Ол үшін өңірдегі 8 дағдарыс орталығында бөлмелер жабдықталған. 

Бақтияр Сүлейменов, облыстық ПД басшысының орынбасары:

- Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа душар болған жаннан шынайы ақпарат алуға жағдай жасалады. Сотқа дейінгі тергеу органы өкілдеріне сенім артады. Зардап шеккен тұлға қауіпсіз жерде екендігіне көзі жеткеннен кейін болған жайтты толық баяндап береді. Бұл сот төрелігінің әділ болуы үшін қажет. 

Мамандар зардап шеккен балаларға дер кезінде психологиялық көмек көрсету қажет дейді. Уақытында қолдау таппаса, кейін кеш болуы да әбден мүмкін. Сондықтан жеткіншектердің дені дағдарыс орталығын «екінші үйі» деп санайды. Психологтар мен әлеуметтік жұмысшылар, дәрігерлер әрбір баламен жеке жұмыс істеп, кез келген тергеу амалдары мен сот ісіне бірге қатысады.

Әсем Асаинова, дағдарыс орталығының жетекшісі:

 - Былтыр біздің орталықта бір қыз болған. Зорлық көрген жеткіншек ата-анасы тарапынан қолдау таппаған соң өкпелеп, отбасымен байланысты үзген. Психологпен жүздесіп, кәсіби көмек көрсетілген соң өзгергенін байқадық. Өзіне сенімі артып, айналдасындағы адамдармен ашық-жарқын араласа бастады. Анасымен де қарым-қатынасы түзеліп, үйіне оралды. 

Зәбір көрген балалар үйіне әбден оңалып қайтарылады. Алайда мамандар тұрмыстағы зорлық-зомбылық тыйылмайынша бұл отбасыларын қауіпсіз орта деп айта алмаймыз дейді. Себебі қазірдің өзінде өңірдегі 800-ден астам бүлдіршінің жанұясы арнайы есепке алынған. Полицейлер тұрақты түрде қадағалап отырғанымен балалардың бас амандығына, оның ішінде психологиялық қауіпсіздігіне кепілдік жоқ.

Мансұр Есқожин, Аслан Абуталипов, Виктор Полянный