Маңғыстауда ауыл тұрғындары жолдың шұрық-тесік бөлігін өздері жөндеп алды

Маңғыстау облысында ауыл тұрғындары жолдың шұрық-тесік бөлігін өздері жөндеп алды. Мұнайлы ауданындағы үш елді мекенді қосатын трассаға бірнеше рет орташа жөндеу жасалған.

«Алайда жүк көліктері жиі жүретіндіктен ой-шұңқырлы жері жыл асқан сайын көбейіп барады. Соның салдарынан жол апаты көп болады», - дейді қызылтөбеліктер.

Аудан әкімдігі осы жол толық жөнделіп, төрт жолаққа кеңейтіледі деп айтқан. Ал оның қашан басталарын күтуден шаршаған тұрғындар қаржы жинап, мәселені көпшілік болып шешіп алыпты.

Талғат Исламұлы, тілші: 

- Ауыл азаматтарының ақша жинап, арнайы көлік жалдап, жамап-жасқап алған жолы осы. Айтуларынша, былтыр дәл осы аумақта жөндеу жұмыстары жасалған. Алайда сапасыз болуынан жолдың кейбір бөлігі ойылып қалған.

3 шақырымдық жол Қызылтөбе, Дәулет, Маңғыстау ауылдарының арасымен өтеді. Барлығы да халық тығыз қоныстанған елдімекен. Бұл аумақта көлік ағыны күндіз-түні толастамайды. Қайта-қайта жөнделсе де асфальт ойылып қалады. Әсіресе кешкі мезгілде жол апаты жиі бола бергесін көпшілік ақылдаса келіп, сервистік мекеме қызметін жалға алуды шешкен. 

Талғат Төлегенов, Қызылтөбе ауылының тұрғыны: 

- Қызылтөбе, ЦУ-900 пен Водниктің жігіттері болып қосылып, бір мекемені тауып, соған істеттік мына асфальтты. Өз қалтамыздан ақша жинап. Әркім әртүрлі, біреу 2 мың берді. Біреуі 5 мың берді. Біреуі 30 мың берді. 2 күнде жиналды сол ақша. 280 мыңға істелді.

Трассаның сызат түсіп, ойылған жерлерін бастан аяқ жөндеуге миллиондаған қаржы керек. Сондықтан ауыл азаматтары жиналған азғантай ақшаны 8 және 6,5 метрлік екі жердің асфальтін күретіп, қайта төсеуге жұмсапты. Аудан билігі бұл мәселеден хабардар. Әкімдердің есеп беру кездесуінде тұрғындарға сан рет берген уәдені орындау үшін биыл жоба жасап, мемлекеттік сараптамаға жіберіп те қойған.

Бейсенғали Кенжеалиев, Мұнайлы ауданы ТҮКШ бөлімінің басшысы: 

- Былтыр да осы жолда шұңқырлар жамалған. Бірақ сапасыз болды ма, шұңқырлар қайтадан пайда болып бастады. Мемлекеттік сатып алу конкурстарын қазір аяқтауға жақындап қалдық. Осы сәуір айында мердігер мекемені анықтағаннан кейін сол жолдарды жасаймыз деп отырғанбыз. Бірақ енді тұрғындар сол жолды жамау ретінде жинадық, басқа шаруаға пайдалана алмаймыз дегеннен кейін қауіпсіздігіне знактарды қойып, қолдау көрсеттік.

Жалпы Мұнайлы тұрғындарының трассалардың бүлінген жерін өз бетімен жөндеуі бірінші рет емес. Бұған дейін Атамекен ауылында бір топ азамат көше жолын қалпына келтіріп алды. Ал әкімдікке келсек, мердігер мекемелермен 21 млн теңгеге келісім-шарт жасап жатыр. Бұл қаржы келер айдан бастап аудандық маңыздағы 91 шақырым жолдардың кем-кетігін түзетуге жұмсала бастайды.  

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев