Жайықта қайтадан балық қырылуы мүмкін

Осыдан 3 жыл бұрын Атырауда 101 тонна бекіре тұқымдас балық қырылған еді. Жайықтағы тоғандарында су маржандарын өсіріп отырған зауытқа биыл тағы қауіп төнді. Балықшылар 2 күн бойы су бетінде қалқып тұрған майға ұқсас сұйықтықты байқаған. 

Шұғыл алынған сынамалар нәтижесінде су құрамынан 2 есе көп хлор анықталыпты. Абырой болғанда, ешбір балық зиян көрмеген. Бірақ бұл жағдай енді қайталанса, зауыттағылар «орасан зор шығынға батамыз ба» деп қорқып отыр.

Жанболат Абылаев, Бекіре зауыты директорының орынбасары:

- Қырылып қалу қаупі бар. Оны жасыратын ештеңесі жоқ. Біз өзіміз тапсырған кезде хлордың көлемі 2 есе көп. Негізі 350 болса, бізде 780-850 көрсетіп тұр. Ол кезде балық зимовкада болды. Тереңде жатты. Онда тек бетінен өтіп кетті. Қазір зимовкадан көтердік.  Балық судың бетінде жүреді уже. Опять проблема может быть. Пока бізге ешкім официально жауап берген жоқ.

Шағым түскеннен кейін жауаптылар тексеру жұмыстарына кіріскен. Бірақ зиянды сұйықтықтың қайдан келгені әлі белгісіз.

Балық шаруашылығы инспекциясының мәліметінше, тексеру жұмыстары әлі жүріп жатыр.

Нұрлыбек Гайсин, "Жайық-Каспий" облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы:

- Атырау балық инспекциясы бөлімі мен Дамбы балық инспекциясы бөлімінің қызметкерлері анықтап тексерді. Алайда ол жердегі ешбір кемеден не болмаса ешбір су астынан шығып жатқан май анықталмады. 2-3 күн зерттегеннен кейі ағыс жүрген уақытта ол жерде майдың белгілері жойылып кетті. Біз оған толықтай құжаттарды жинап, Атырау облыстық табиғат қорғау прокуратурасына жолдадық.

Зауытта қазір 14 тонна бекіре тұқымдас балық бар. Биыл одан 350 келі уылдырық алу жоспарланып отыр. Сондықтан жауаптылар бақылауды күшейтпесе су маржандары тағы да қырылып қалуы мүмкін. 

Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин