Бейнеуде теміржолшыларға жағдай жасалмаған

Маңғыстау облысының Бейнеу елді мекеніндегі теміржолшылардың жұмыс істеуіне жағдай жасалмаған. Рельстердің күтіміне жауапты мамандар арнайы киімнің тапшы екенін айтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әркім өз тапқанын киіп жүр. Оның үстіне күнделікті қызметте әбден ескірген құралдарды қолданады. Тамақты да далада ішуге мәжбүр. Алатын айлығы да мардымсыз. Ұжымның осы және өзге де шағымына теміржол дистанциясының басшылығынан сұрау Бейнеу дистанциясында 350-дей адам еңбек етеді. Олар жылдың барлық мезгілінде рельстерді құм-қардан аршып, жүк және жолаушылар пойыздарының кідіріссіз өтуіне жауапты. Ауыр жұмысты тозған балға, қолдан жасалған күрек, сыпыртқымен атқарып жүр. Күн суықта ықтайтын күркелердің жоқтығынан кейбірі созылмалы сырқатқа шалдыққан.

Орал Құлбаев, теміржолшы:

Қазіргі диагнозым, былай айтқанда остеохондроз. 6 ай сайын больничныйға қаламын. Врачтар да айтып жатыр, бұл ауру сендерден шықпайды. Көп емделу керек деп.

Төреғали Әдінаев, теміржолшы:

– Жилеттен басқасы бәрі өзімнің киімім. Үнемі теміржол жүретін болғасын, жүретін жеріміз бәрі щебень. Сол щебень мына аяқ киімді қоймайды. Сол тозғасын басқасын бізге бермейді. Өзіміз сатып аламыз. Бізге ықтасын, пана болатын жылы ішінде орындығы бар будка болуы керек екен заңында. Қолғаппен отырып тамақ жейміз қыстың күндері.

Теміржолшылардың сөзінше, түскі тамақты құрғақ паек түрінде жұмыс орны беруі керек. Болмаса, ақшасын төлеуі тиіс. Қазір әрқайсысы үйден әкелген тамағын далада от жағып, жылытып жеуге мәжбүр. Бірақ кейбір шағыммен дистанция басшысы келіспеді. Оның айтуынша, күркелер жыл сайын жөнделеді. Ал орташа айлық 170 мың теңге болған. Биыл 210 мыңға өсіпті. Десек те, жұмысшылардың барлық мәселесі оң шешіледі деді. 

Берікбай Айтманов, Бейнеу жол дистанциясының директоры:

– Біздің жұмысшылардың жағдайы жоқ емес, жағдайы бар. Қысқы мезгілден жазға шығып жатқан кезде құрттай жөндеу жұмыстарын өткізетін жұмыстары бар. Кейбір адамдардың киімдері ескіргендері болады. Бұрын қысқы киімдерді 4,5 мезгілге деп беретін еді. Қазір жаңа ереже бойынша 2,5 жылға беріледі. Айтып отырған мәселелеріңізді 1 ай, 1,5 айдың ішінде дереу орындарына қоямыз. Істеп қоямыз.

Қорыта айтсақ, теміржолшыларға басшылықтың берген уәдесін бірер ай күтуге тура келеді. Тағы бір айта кетерлігі, ұжымға мерекелік сыйақы төлеу, түсте ыстық тамақ ұйымдастыру жолдарын да комиссия қарастыруға кірісті.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев