Белгілі диктор Әбдірәлі Бөлебай өмірден озды

Бүгін - қазақ журналистикасы үшін қаралы күн. Ақпарат саласы қайғылы қазаға душар болды. 70 жасқа қараған шағында Радио және телевизия саласының ардагері Әбдірәлі Бөлебай дүниеден озды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақ журналистикасының дамуына зор үлес қосып, өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған майталман маман, белгілі диктор өмірінің соңына дейін Қазақ радиосында қызмет атқарды. Телевизияның қара нары атанып кеткен Әбдірәлі Бөлебай ағамыз Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Ерназар ауылының тумасы.  Ол бар ғұмырын теле-радио саласына арнаған. Еңбек жолын «Қазақфильм» киностудиясында режиссердың көмекшісі болып бастады. «Хабар», «Қазақстан» арналары мен Қазақ радиосында елді ерекше баураған диктор болды. Теле-радиода дикторлық өнердің қыр-сырын терең меңгерген, дауыс үні өзгеше, шеберлігі толысқан білікті маман бола тұра, өзінен кейінгі ізбасарларына өмірлік сабақ бере білді.

Зейін Әліпбек, тележүргізуші:

Әбдірәлі Бөлебай деген есімді білмейтін қазақ жоқ шығар. Ұзақ жылдар қазақ телевизиясына өнімді еңбек еткен. Өзіміз бала кезден теледидардан көріп өстік. Хабарға аяқ басқаннан осы ағамыз Нұртілеу ағамыз кейінгі буын өзімізге ұстаз тұттық. Шығармашылықтан бұрын адами қасиеттерді көп үйрендік. Ол кісінің бір қасиеті үлкен-кіші демей, бәрімен бірдей тілдесетін. Бауырына тартып тұратын.

Әбдірәлі Бөлебай журналистиканың дамуына зор үлес қосып, өзіндік үні мен қолтаңбасын қалдырды. Ағамыз Қазақ телевизиясы мен радио тарихынан ойып тұрып орын алды. Әріптестері оның оқыған телерадио хабарларынан өзгеше бір тыныс лебі есетін, деп еске алады. 

Сәрсенғали Жүзбай, Шалқар радиосының редакторы:

– Өмірінің соңында кеткенше «Ғизат ғұмыр» деген бағдарлама жасады. Онда Осы қазақ телевизиясындағы, радиодағы диктор, журналистер жайлы еді. Оны қазақ радиосының 100 жылдығына қарай 100 хабар жасаймын деп еді. Ол кісінің орны қазақ өнері мен мәдениетінде бөлекше.

Оның әуезді үні Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақтаулы. Кез келген ақпараттың шырайын шығарып оқитын Әбдірәлі ағамыздың бейнесі көзі қарақты көрерменнің жадында мәңгі қалары сөзсіз.