Жаңа облыстардың шекарасы бекітілді

Шығыс Қазақстан мен Семей өңіріңдегі Абай облыстарының шекаралары белгіленіп, 1997 жылғы тарихи аумақтары қайтарылатын болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін Өскеменде облыстық мәслихат депутаттары Президент ұсынған бастаманы бірауыздан қолдады. Сонымен қатар, екі ауданды бөлу туралы да шешім қабылданды.  

Мәслихаттың бүгінгі отырысы шың мәнінде тарихи сәт болды. 25 жыл бойы өзгерістерді күткен Семей шаһары қазығын тауып, қайтадан облыс орталығы болмақ. Депутаттардың айтуынша, осы жылдар аралығында бұл аймақтың экономикалық ахуалы әлдеқайда күшейе түсті.

Қуаныш Сүлейменов, облыстық мәслихат депутаты:

– Соңғы 7 жылдың ішінде, біз қарап жатырмыз, 350 миллиард теңге бөлініпті Семей қаласына. Осы жұмысты Даниал Кенжетаевич атқарып, бүгінгі жиында қандай жұмыстарға жұмсалғанын айтып берді. 

Облыс әкімінің сөзіне сүйенсек, аймақтың индустриалды келбеті өзгеріп, Семей өңіріңде ірі қәсіпорындар пайда болды. Мысалы, Бақыршық алтын кен байыту компаниясы мен әлемдік деңгейге сай салынған Ақтоғай тау-кен байыту комбинаты ашылды. Ал тұрғын үй құрылысының қарқыны бойынша Семей тіпті Өскеменнен асып түсті.

Алмасхан Сматлаев, облыс әкімінің бірінші орынбасары:

– Семей қаласының 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық тұрғыда кешенді даму жоспары 2020 жылдан бастап жүзеге асырылуда. Бөлінген қаражат көлемі 260 млрд теңге. Жалпы, кешенді жоспар аясында Семейдің еңсесін көтеруге 2020-21 жылдар аралығында 107,1 млрд теңге жұмсалды.

Халық қалаулылары облыстардың тарихи шекараларын қайтаруға да бір кісідей дауыс берді. Енді Көкпекті мен Самар, Тарбағатай мен Ақсуат болып аудандар қайта бөлінбек. Ескере кетерлігі, Көкпекті мен Тарбағатай енді Абай облысына қарасты болмақ.

Денис Рыпаков, облыстық мәслихат депутаты:

– Біріншіден, жұмыстың қарқыны тәуір болады. Екіншіден, олар әрдайым басшылық назарында. Бір аттам жерде деуге болады. Экономикалық жағынан да өте тиімді.

Ендігі шаруа ономастика комиссиясының мойнында. Бастысы облыстарды бөлу шарасы ресми түрде басталып кетті.

Авторлары: Анель Есенбердина, Жігер Бабақанов