Ақмола облысында дәрігерді соққыға жығу дерегі көбейген

Мамандар дәрігерге жұдырық ала жүгіру әдетке айналып, тіпті мұндай жағдайдың жиілеп бара жатқанын айтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осындай келеңсіз жайттар жұмысқа кедергі келтіреді әрі медициналық қызметтің сапасына кері әсерін тигізеді. Бірінші кезекте жедел жәрдем қызметінің бригадасы соққығы жығылады екен. Мына бейнематериалды куәгерлер түсірген. Онда ашулы әйел балалар ауруханасының медбикесіне шабуыл жасап жатыр. Сәбилердің көзінше былапыт сөздер айтқан ол дәрігерлерге тап берген. Оны тек тәртіп сақшылары сабасына түсірді. Белгілі болғандай, ызалы ана әлі сауығып үлгермеген баласын ауруханадан алып кетуге бел буған. Ашуға ерік берген әйел ішімдікке сылқия тойып алған көрінеді.

Нұрлан Шағыров, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Әрине бұл осындай  жағдайлар кейінгі кезде жиі кездесетін болды. Мынау соңғы кезде айтқан, Алматыда болған ахуал. Сондықтан мынау біздің медицина қызметкерлеріне өте зиян келтіреді жұмыстарына. Мұндай жағдайлар жиі болып тұрады. Көбінесе бұл жаңағы қабылдау бөлмелерінде. Жалпы бұл жерде  дәрігерлерді ғана айтпай медбикелерге де жаңағы кіші медицина қызметкерлеріне зиянын тигізеді.

Пациенттерден көп жағдайда жедел жәрдем қызметінің мамандары зардап шегеді. Олар, әсіресе, жаппай төбелес, тұрмыстық дау-дамайға шақырту алған кезде соққының астында қалады. Шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының бас дәрігері қызметкерлері жарақат алып, тіпті өмірлеріне қауіп төнген оқиғалардың болып жататынын айтады.

Александр Высоцкий, облыстық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері:

Біздің қызметкерімізді бірнеше рет ұрып тастаған жағдайлар болды. Мәселен, науқасты қалалық ауруханаға жеткізу керек. Онымен бірге ілесіп келе жатқан мас досы ешбір себепсіз біздің фельдшерімізді соққыға жықты. Алған жарақатынан оның мұрыны сынып, миы шайқалған.

Мұндай оқиғалар қалалық ауруханалар мен емханаларда еңбек ететін медицина қызметкерлерін алаңдатып отыр. Жұмыс орындарында олардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілмеген.

Александр Высоцкий, облыстық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері:

Медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеру қажет. Олардың құқығы заң жүзінде қорғалуы керек. Қызметтік міндетті орындау барысында полицейлер сияқты ақ желеңділердің өміріне қол сұғушылық болмауы тиіс. Егер маманның жұмысына пациенттің көңілі толмаса, оны шешудің көптеген жолы бар.

Дәрігерлердің айтуынша, заңнамаға өзгеріс енгізу қажет. Егер мәселе оң шешімін таппаса, кадр тапшылығы мәселесі ушыға түседі дейді мамандар.     

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Аслан Әбуталипов, Виктор Полянный