Ақтөбе облысының солтүстік аудандарында әліге дейін сең қозғалмаған

Судың беті қайтты. Бірақ қауіп сейілген жоқ. Ақтөбе облысының солтүстік аудандарында әлі сең қозғалмаған. Төтенше жағдайлар қызметі осыған алаңдайды.

Әрине мамандар қол қусырып отырған жоқ. Бөгет тұрғызып, қажетті материалдарды әзірлеп қойған. Көктен шолып, өзендердің ағысын бақылап отыр.

Ақтөбеде соңғы бес жыл бойы қуаңшылық болып, өзен-көлдердің дені тартылып қалған еді. Биыл қар мол жауып, тоғандар толған. Сазды су қоймасы ернеуінен асып, су кейінгі арнасына да мол жетті. Бұл облыс орталығы маңындағы бау-бақша ұжымдары үшін қуанышты жаңалық. Ақтөбе су қоймасы 80 процентке толған.

Мырзабай Нұртазин, «ҚАЗСУШАР» РМК АФ директоры:

- Сазды қоймасында жеті жарым млн куб. Сол өзінің уақытында келді жүз процент. Қазір енді төмен кетіп бара жатыр. Алты млн куб қалатын шығар осы бір-екі күнде. Ақтөбе су қоймасында 206 млн куб жиналып тұр. Қазір өткізу жылдамдығын 300 куб жіберіп отырмыз.  Қалаға ешқандай угроза жоқ.

Қарғалы су қоймасы әзірге тек 36 процентке ғана толған. Дегенмен, жасанды көлді қорек етер өзендерде әлі сең қозғала қоймаған. Жалпы құтқарушылардың назары қазір облыстың солтүстік аудандарында. Көктем кеш келетін өңірде су енді тасуы ықтимал. Сондықтан бөгет тұрғызып, судың жолына төсейтін қапшықтарға құм салу сияқты әзірлік жұмыстары қызған.

Құмар Тұрмағамбетов, облыстық ТЖД басқарма басшысы:

- Соңғы 5-6 күнде ауа температурасы нульден жоғары. Солтүстік аудандарда да түн жылы боп тұр. Ойыл, Ор және Ырғыз өзендерінің деңгейі көтерілгені байқалады. Бірақ әрбір өзеннің ерекшелігі бар. Толу кезеңі де әртүрлі. Қазір арналарынан асып жатыр деуге келмейді. 

Қобда мен Ойыл аудандарының қызыл су шайған жолдары әлі жөнделген жоқ. Сондықтан 3 ауылға азық-түлік пен өзге де қажетті бұйымдар қайықпен тасымалданып отыр. Мұндай жайт алдағы уақытта қайталанбауы үшін құтқарушылар Әйтеке би, Қарғалы және Хромтау аудандарында өзен арналарын бекітіп, еріген қар суының жолын аршуға кіріскен. 

Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев