Елорданың қақ ортасында батпақ кешіп жүрген жұрт көп

Өйткені құрылыс алаңдарына қатынайтын жүк көліктері жолдан жол қалдырмайды. Оның үстіне үйдің үстіне үй тұрғызып, тар ауланы онан сайын тарылтып жатқан жағдайлар да кездеседі. Ал  Бас жоспар бойынша Бектұров көшесіндегі саябақ болады деген аумаққа тұрғын үй салынғалы жатыр-мыс. Жұрт осыған алаңдаулы. 

- Мы будем Тұран закрывать дороги. 

Ашынған халық қала әкімінің орынбасары Нұрлан Нүркеновке осындай талап қойды. Өйткені қала батысындағы бұл тұрғын үй кешенінде қордаланған мәселе өте көп. Біріншіден, жұрт автотұрақ пен көше жолдарының тез жөнделіп, кеңейтілгенін қалайды.

- Орталықта, Қазақстанның бас қаласында, ең жақсы районда, Хан Шатыр жанынан үй алдық деп қуандық. Сөйтсек, мен қазір налып, кейіп отырам.

- Баламды көтеріп келе жатқанда балшыққа құлағаным бар. Қазір есіме алсам жылағым келеді. Осының бәрі жолдың жоқтығынан.

Екіншіден, аула жанынан салынып жатқан жаңа тұрғын үй кешенінің құрылысын дереу тоқтату керек. Оның орнында шағын саябақ болғанын жергілікті жұрт 6 жыл бойы армандап келеді. 

Үшіншіден, төңіректе салынып жатқан жаңа нысандардың сапасы сын көтермейді. Куәгерлер құрылысы басталмай жатып апатты күйге түскен көпқабатты үйлерді көрген. 

Төртіншіден, жаңа мектеп пен балабақша керек бұл ауданға. Балалар қашықтан қатынауға мәжбүр, дейді ата-аналар. 

Барлық шағымды тыңдап, аумақты бір шолып шыққан Нұрлан Нүркенов мынадай тоқтамға келді. Жол мәселесі биыл маусым айында шешіледі. Қазылған аумақты қайта көму жұмыстары жүргізіледі. Өйткені жерасты инженерлік желілері толық салынған.

Нұрлан Нүркенов, қала әкімінің орынбасары:

- Мердігер компаниямен бірлесе тұрғындардың сұрақтарына жауап бердік. Е-49 және Е-51 көшелерін жөндеу жұмыстары биыл маусым айының соңына дейін бітеді. Әзірге Тұран көшесіне тікелей шыға алатындай уақытша жол салынады. Оны мердігер мекеме өз мойнына алады.

Екі мың орынға шақталған бірнеше ауысымдық мектеп құрылысы биыл жыл соңына дейін аяқталады. Ал Сәулет және қала құрылысы басқармасының мамандары жұмысы бітпеген жаңа нысандардың сапасын тексеріп, тиісті қорытынды шығарады. Саябақ орнында салынып жатқан жаңа тұрғын үй кешеніндегі құрылыс ертең уақытша тоқтатылады. Алдағы уақытта бұл сұрақ егжей-тегжейлі зерттеледі, деді қала әкімінің орынбасары. 

Мирлан Алтынбек, Аят Дүйсебаев