Алматыда алма ағаштарын кесу тыйылмай тұр

Алматыдағы «Каменское плато» обсерваториясының жанында алма ағаштары оталып, құрылыс басталды. Тұрғындар арнайы техниканың ағаштарды қиратып, жүк көліктеріне тиеп жатқанын көріп, таспаға түсірген. Енді Алатаудың бөктеріндегі бұл құрылыс наразы жұрттың жанайқайы мен дауға айналған.

Бұл видеода Медеу ауданына қарасты «Каменское плато» обсерваториясы жанындағы жер телімі көрсетілген. Ауыр техника ағаштарды құлатып, жүк көліктеріне тиеп жатыр.

«Бөктердегі құрылыс жұмыстары табиғатқа зиян келтіруден бөлек етектегі ескі үйлерге қауіпті», - дейді тұрғындар. 

Дмитрий Бузинский, қала тұрғыны:

- Осы маңдағы тұрғындар қатты алаңдаулымыз. Өйткені құрылыс жұмыстары тура біздің төбемізден жүріп жатыр. Ал тау етегі байқасаңыз, жарылып жатыр. Яғни кез келген сәтте таудың сырғып кету қаупі жоғары. Бұл расында біздің өмірімізге өте қауіпті болып отыр. 

Тұрғындардың тынышын кетірген жер телімі 13 сотықтан асады. Қоршаулы жерді қазіргі иесі 2 жыл бұрын сатып алған.

Құжаттары толық, «үй салуға рұқсатым бар деген азамат алма ағаштарын кеспедім» дейді.

Олжас Асқаров, жер телімі иесінің өкілі:

- Құжаттың бәрі заңды, қағаз бойынша 13 сотық жер. Мақсаты жеке үй салуға деген рұқсатымыз бар. Мен мына жер телімін алмай тұрып, бұларға бұл қоқыс алаңы болған. Мен өз ақшамды қолданып, техника жалдап, қоқысты, құрғақ ағаштарды шығарып жатырмын.

Қазіргі уақытта бұл мәселе бойынша қалалық полиция тексеру жұмыстарын бастады. Тіпті алма ағаштарын заңсыз кескені үшін қылмыстық іс қозғаған.

Cалтанат Әзірбек, қалалық полиция департаментінің ресми өкілі:

- Аталмыш дерек бойынша қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің 341-бабы бойынша қылмыстық іс тіркеліп, тергеу амалдары қолға алынды. Арнайы сараптама нәтижесінде міндетті түрде қылмыстық іс аясында процессуалдық шешім қабылданатын болады.

Мемлекет басшысы тау бөктеріндегі құрылыс жұмыстарын тоқтату керектігін жиі айтады. Алайда қазір Алатау етегіндегі зәулім үйлер көбеймесе азаймай тұр. 

Жандос Айтбайұлы, Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев