Елордада жолақы төлемеген 2080 жолаушыға айыппұл салынды

Бұл туралы CTS компаниясы фейсбук-парақшасында хабарлады.

«Көліктік бақылау департаментінің қызметкерлері күн сайын билетсіз жолаушыларды анықтау бойынша рейдтер жүргізеді. Өздеріңіз білетіндей, «қояндар» жолақысын тек КБД қызметкерлерін көрген кезде ғана төлейді.

Мәселен, 2022 жылдың басынан бастап көліктік бақылау департаментінің қызметкерлері жол жүру ақысын төлеуден жалтарудың 32 252 фактісін анықтады, оның ішінде 2080 жолаушы ҚР ӘҚБтК-нің 622-бабының 2-бөлігі бойынша 12 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Мысалы, сәуір айының бірінші күні ғана КБД полиция қызметкерлерімен бірге 374 жолаушыны әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Құрметті жолаушылар, жол ақысын уақытылы төлеуді сұраймыз. Автобустарда жол ақысы қолма-қол ақшасыз төленеді: көлік картасы немесе QR код арқылы» делінген хабарламада.