Сайлау жүйесіндегі жаңашылдық түсіндірілді – БҚО

Елде аралас сайлау жүйесі енгізіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Саладағы жаңашылдық азаматтардың саяси сауаттылығын арттырып, жергілікті жерде бәсекенің қалыптасуына сеп болады» – дейді мамандар. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Батыс Қазақстан облысына барып, тұрғындармен кездесті. Жиында алдағы саяси науқандарды өткізу тәртібі түсіндірілді. Аудандар мен қалалардағы сайлау толығымен мажоритарлық жүйеге ауысады. Биыл өңірдегі 2 ауылдық округте тұрғындар өз әкімдерін сайлады. Бұл әдіс ел ішіндегі беделді адамдардың билікке келуіне жол ашпақ. Жыл аяғына дейін 18 сайлау өтеді. Жоспардан тыс саяси додалар да болуы мүмкін. Кездесуде тұрғындар аумақтық сайлау комиссиясының жұмысын жетілдіру, байқаушылар тәжірибесін арттыру және басқа да мәселелерді көтерді.

Ғайса Қапақов, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы:

– Өткен сайлаулар болған кезде, мысалы, халықтың кейбір тізімде өзін таба алмай қалатындары бар, тағы да басқа, байқаушылар туралы сұрақтар бар, сайлау процесін ашық, жариялы түрде өту процесі бар. Былтыр мысалы, 41 әкім ауысса, биыл енді соның төңірегінде болатын болар деп есептейміз. Облыс бойынша 451 мың сайлаушы бар. Қазір санақты қайтадан дұрыстап жатырмыз.