СҚО-да үйлер жылыту жүйесіне қосылмаған

Солтүстік Қазақстан облысы Новошимское ауылының тұрғындары орталық қазандықтың игілігін биыл да көре алмады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аудан орталығындағы онға жуық екі қабатты тұрғын үй 15 жыл бұрын салынған жылыту жүйесіне әлі қосылмаған. Әкімдердің сөзіне сенуден қалған халық арнамызға хабарласып көмек сұрады. Валентина Дружкова әлі күнге дейін көмірді осылай екінші қабатқа көтеріп пеш жағады. «Жасымыз жеткенде от жағып әбден мезі болдық», – дейді зейнеткер. Тіпті қайғылы жағдайлар да болған.

Валентина Дружкова, Новоишимское ауылының тұрғыны:

– Көрші тұрған зейнеткерлер түтінге тұншығып қайтты. Екі қызды құтқарушылар шығарып үлгерді. Тағы бір көршім сатыдан құлап қаза тапты. Күйеуім қолын сындырды. Біз секілді жасы келген адамдарға өте қиын болып тұр.

Тоқсаныншы жылдары салынған үйлерде көбіне зейнеткерлер тұрады. Солардың бірі – Екатерина Митина. Оның айтуынша, бұл маңайда орталық жылыту жүйесіне «дөкейлердің» ғана қолы жетіп тұр.

Екатерина Митина, Новоишимское ауылының тұрғыны:

– Зауыт директорының үйі қосылған. Жекенің қолындағы жатахана туралы айтпай-ақ қояйын. Ертең қысым көрсетіп жүрер. Қасымызға тағы бір дөкей көшіп келіп еді, қазан айында тартқызып алды. Сұрап барғанымда «жұмысың болмасын, жайыңа жүр» деді. Әкесі ме, қайын атасы ма, прокурор екен.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

Тұрғындардың айтуынша, жылу жүйесіне мына бір екі қабатты үй де қосылған. Оны ана жердегі құбырлардан да байқауға болады. Бір қызығы «бұл үйде жылу қазандығын сенімді басқаруға алған кәсіпкер тұрады» дейді олар.

Қарапайым халықтың өкпелейтін жөні бар. 2008 жылы бұл жақта орталық қазандық салынған. Содан бері оған ондаған көпқабатты үй қосылды. Іргедегі жылуға тек осы 6 үйдің тұрғындары жарымай отыр.     

Юлия Полупанова, Новоишимское :

– Міне, жер үйлер де қосылған. Біз ғана қалдық. Соңғы рет аудан әкімі бәрімізді жинап, тағы бір қыс шыдай тұрыңдар деді. Бұл сөзді оған дейінгі әкімдер де талай айтқан.

Талай айтқан. Халық сенген. Бос сөз, құрғақ уәдеден көңілі қалған жұрт бүгін тағы да талап қойды. Ал, аудандық әкімдік қызметкерлері «бұл үйлерге орталық қазандықтың күші жетпейді» деп қысқа қайырды.

Асхат Оспанов, сәулет, құрылыс, ТҮКШ, ЖКАЖ бөлімінің сектор меңгерушісі:

Тұрған кательный осы микрорайонның Мағжан Жұмабаев микрорайонына мощность жетпейді. Мощность аз. Сол келесі үйлерді қоса алмаймыз. Ал заңсыз қосылғандары бар ма? Заңсыз үйлер, иә анау частный үйлер заңсыз қосылып жатыр.

Қазір аудан орталығында тағы бір қазандық салынып жатыр. Оның құрылысына 1 млрд 200 млн теңгеге жуық ақша бөлінді. Енді жылу желілері тартылуы тиіс. Шенеуніктер бұл үйлер сол кезде қосылады дейді. Бірақ нысан ауылдың екінші бір шетінде орналасқан.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов