Атбасарға қарғын судан қауіп төніп тұр

Бүгін төтенше жағдайлар министрі мен Ақмола облысының әкімі аумақты тікұшақпен барлап шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Юрий Ильиннің айтуынша, күннің күрт жылынуы салдарынан орманды алқапта жиылған қар еріп, ауданға су кіруі мүмкін. Ал Нұр-Сұлтан қаласы маңындағы елді мекендерге айтарлықтай қауіп жоқ. Бұған барлау кезінде көз жеткізілді. Бүгінде Атбасарға қарай ағатын Есіл суының Талапкер ауылына жайылмауы үшін тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Қоянды ауылын шолу кезінде үй аулаларын су басқаны байқалды. Мұны министр қарды уақытылы күремеудің салдары, – дейді. Қазір ауыл ортасындағы көлкіген суды шығару үшін қосымша канал қазу қаралып жатыр.

Юрий Ильин, төтенше жағдайлар министрі:

– Ең бастысы әкіммен жер бөлуге тыйым салынған су қорғаныш жолағының маңында жер бөлуді тоқтату жөнін талқыладық. Жалпы әу бастан жері ойпат болғандықтан, су жиналатын Қоянды аумағында жер бөліп, ізінше  су сорамыз деп батырлық таныту дұрыс емес деп ойлаймын.

Қазіргі таңда Батыс Қазақстандағы ахуал біртіндеп тұрақталып келеді. Шығыс Қазақстанның таулы аймағындағы Риддер, Зырян қалаларындағы жағдай жіті бақылауға алынған. Жалпы ел бойынша 1,5 млн текше метр су сорылды. Инертті материалды 100 мыңнан астам қап суды бөгеу мақсатында қолданылды. 

Юрий Ильин, төтенше жағдайлар министрі:

– Преображенск су торабы бойынша айтар болсақ, барлау кезінде Қарағандыдағы «КазВодХоз» бөлімшесімен байланыстық. Ондағы су шығыны әзір көп емес. Сондықтан Қарағанды, Ақмола облыстарына Нұрадан келер қауіп жоқ десек болады.