Іле бойындағы өрттен дала жануарлары зардап шегеді

Қазақстанның оңтүстік-шығысында дала өрті өршіді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Іле өзенінің төменгі бөлігінде қамыс жанып жатыр. Бұл қоршаған ортаға айтарлықтай зиян келтіреді. Әсіресе ұшып келіп, ұя салуға дайындалып жатқан құс пен қамысты мекендейтін сүтқоректілер зардап шегеді. Балқаш көлінің оңтүстік жағалауында әлі де мұз қатып жатқанымен, күннің қызуынан жылдам еруде. Өңірде енді тәуліктік орташа температура күн санап арта береді. Өрт қаупі тұрғысынан сәуір айы жылдың ең қауіпті айларының бірі саналады. Себебі жасыл шөп әлі көтеріле қоймаған. Ал былтырғы қураған қамыстар жануға бейім.

Мамандардың айтуынша, өрттің басталуына жергілікті тұрғындардың да кінәсі бар. Алматы облысының Балқаш ауданында шаруа қожалықтары көп. Олардың барлығы негізінен мал өсірумен айналысады. Ал көктемде қар еріген соң шопандар кепкен шөпке от қояды. Өрт жайылымдық жерлерді тазартады, ал күл тамаша тыңайтқыш ретінде қызмет етеді. Алайда ешкім қауіпсіздік ережелерін сақтамайды. «Қазәуеорманқорғау» мамандары жыл сайын жергілікті тұрғындарға ауыл шаруашылық жұмыстарын өрт қаупі көп маусымға дейін жүргізу керектігін түсіндіреді. Бірақ бұл ұсыныстар ескерілмейді.

Якубжан Ибрагимов, «Қазәуеорманқорғау» Алматы бөлімшесінің бақылаушы-ұшқышы:

Қазіргі кезеңде ең жоғарғы класс 5-класс. Сондықтан 2-3 рет облет жасауға тура келеді. Төменгі Іленің бойында жоғарғы өрт аумақтары көп. Қатты жанып жатыр. Негізінен қамыс жанып жатыр. Сондықтан ол қамысты тоқтату қиын, біріншіден. Екіншіден, өте қиын жерлерде жанып жатыр. Су, сазды жерлер. Сондықтан ол жерге ешқандай адам күшін, техника кіре алмайды.

Қамыстың өртенуі Балқаш өңірінің табиғатына үлкен зиян келтіруде. Сәуір айында мұнда Қызыл кітапқа енген аққулар мен қызғылт көкбауырлар ұшып келеді. Тілсіз жаудан ұяда отырған құстардың қашып құтылу мүмкіндігі жоқ. Ондатрлар да өліп жатыр. Құрғақ қамыс целлюлозадан тұрады. Сондықтан өрт кезінде атмосфераға тонналаған ыс тарайды. Ал өрттен шыққан түтінді ондаған шақырым жерден байқауға болады.

Якубжан Ибрагимов, «Қазәуеорманқорғау» Алматы бөлімшесінің бақылаушы-ұшқышы:

– Әрине жануының өзінің бір зияны бар. Негізінен қазіргі кезеңде құстардың келуі аңдар көбеюі сондай уақыттар қазір. Сондықтан олардың ұялары қамыстың ішінде соларға зияны тиеді.

«Қазәуеорманқорғаудың» негізгі міндеті – өртті дер кезінде анықтау және өрт сөндіру қызметтеріне нақты ақпарат беру. Өрт ошақтарын сөндірумен шаруа қожалықтарының жұмысшылары, орман шаруашылығы мен Төтенше жағдайлар министрлігі бөлімшелерінің қызметкерлері айналысуда. Бірақ көп жағдайда қамыстағы өрттерді толығымен жою мүмкін емес. Кейбір өрт ошақтары аралдарда немесе көліктер жете алмайтын батпақты жерлерде орналасқан. Мамандардың айтуынша, тілсіз жаудың қарқыны ескі қамыс өртеніп, жас өсімдіктер өскен кезде азаяды.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Григорий Беденко, Эдуард Кон