Полиция қызметкерлері арасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес басталады

ІІМ мен Антикор полиция қызметкерлері арасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте бірігуде, деп хабарлайды «Хабар 24» Рolisia.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл туралы Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектеновтің кездесуі барысында белгілі болған. «Бұны алдымен сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жоймайынша, жүзеге асыру мүмкін емес. Ол үшін біз барлық бөлімшелерде ішкі тәуекелдік талдаулар жүргіземіз», – деді Ахметжанов. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы ІІМ бастамасын қолдап отыр. Полиция қызметкерлері халықпен тығыз байланыста, сондықтан тұрмыстық сыбайлас жемқорлыққа барынша бейім. Оны жою туралы Мемлекет басшысы бірнеше рет айтқан болатын.

«Біз ІІМ-нен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және халықтың елдегі қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті сақтауда тұрған полицияның адалдығы мен параға сатылмайтындығы туралы сенімін қалыптастыруда серіктес көріп отырмыз», – деді Олжас Бектенов. Сонымен қатар полиция Integrity check адалдықты тексеруді сынақтан өткізуге ниетті. Бұл шара көптеген елдерде сәтті қолданылады. Қазақстанда оны енгізу 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын іске асыру аясында көзделген. Қазіргі уақытта агенттік құқықтық негіз әзірлеуде.