IT компанияларымыз шетелдіктермен бәсекелесе ала ма

 Бұл – Astana Hub аумағындағы беларусьтік IT компания кеңселерінің бірі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елордаға осыдан 2 жыл бұрын қоныс аударған. Қазақстанда жұмыс істеп қана қоймай, өмір сүрген де ұнайды, дейді қызметкерлері.

Екатерина Лопух, IT маман:

Әу баста Қазақстан туралы ештеңе білмедік. Бала кезден бері ешқандай мағлұмат алмадық. Көбіне далалық жер деп ойлағанымыз рас. Осы жаққа келмес бұрын мемлекетпен бейнеролик арқылы таныстық. Зәулім ғимараттарды өз көзімізбен көргенімізде, таң қалғанымызды жасыра алмадық. Табиғаты да әсем. Қазақстандық әріптестермен тез тіл табысып кеттік. Қазақтар да белорустар сияқты жылы шырайлы халық екен.

Беларусь әріптестерімен тәжірибе алмасып жүрген жергілікті жастар көп. Олардың қатарында Абылайхан Жетесов те бар. Жас маман мобильдік қосымша жасаумен айналысады.

Абылайхан Жетесов, IT маман:

Бес ай болды жұмыс істегеніме. Осы 5 айдың ішінде осы компанияда көргенім – олар өте мықты мамандар. Тәжірибесі мол. Олармен бірге жұмыс істегеніме ризамын. Тағылымдамадан өткенде мен осы жерде тағылымгерге қалай қарайтынын көрдім. Неғұрлым сыйластықпен қарайды.

Компанияның бас атқарушы директоры Артем Қазақстанда жасалған жағдайдың өте қолайлы екенін айтады. АҚШ немесе Польшамен салыстырғанда, экономикалық жағынан әлдеқайда тиімді дегенді айтады.

Артем, IT компанияның бас атқарушы директоры:

– Astana Hub тарапынан берілетін қолдау қаржылай ғана емес, жан-жақты. Бізге салықтық жеңілдіктермен қатар заманауи инфрақұрылым ұсынды. Айтар шағымым жоқ. Қазақстанға келгеніме өкінбеймін. Менің таңдауым дұрыс болды деп ойлаймын. Кеңсемізде жұмыс істейтін қызметкерлеріміздің жартысынан астамы қазақстандықтар. Оларға білгенімізді үйретіп жатырмыз.

Astana Hub өкілі Мұрат Уәлиевтің айтуынша, шетелдік компанияларға визалық және еңбек режимдері жеңілдетіледі. Жылдамдығы жоғары интернет, 5G желісі мен нетворкинг ұсынылады. Сондай-ақ жергілікті дарынды жастармен жұмыс істеу мүмкіндігі беріледі.

Мұрат Уәлиев, Astana Hub қатысушыларды қолдау кеңсесінің директоры:

Біз IT университетпен және Назарбаев Университетпен жақсы байланыстамыз. Олардың жақсы студенттерін біз осы IT компанияларға жібереміз жұмыс істеуге және коммуникациясын дамыту  үшін жібереміз.

Таяқтың екінші ұшы да бар. Сырттан келетін серіктестіктердің кәсіби мүмкіндігі мен тәжірибесі мол болғандықтан, қазақстандық компаниялар тапсырыссыз қалып қоймай ма деген мәселе де бар.

Әмірхан Төребек, IT сарапшы:

– Біздің білуімізше, шетел компанияларының жасап жатқан өнімдері сапалы болып келеді деген ой қалыптасқан. Мысалы, мен білетін компаниялардың бірі шетел компанияларының көшуі салдарынан өздерінің көптеген тұтынушыларынан айырылып қалды. Ол клиенттердің бәрін шетел компаниялары өзінің мамандарының күшімен, біліктілігімен алып кетті.

Азат Айманов, IT сарапшы:

– Ресей компанияларының тәжірибесі көп, қаржылай мүмкіндігі көп болғандықтан, Қазақстан аудиториясын өзіне тартып алу ықтималдылығы өте жоғары. Бұл қазақстандық стартаптардың өлуіне алып келеді. Әрине, бұл жерде бәсекеден тек тұтынушы ұтады. Себебі бәсеке болған әрдайым жақсы. Тауар мен қызмет көрсету сапасы жоғарылайды. Бағасы төмендейді.

«Сондықтан Цифрлық даму министрлігі қазақстандық компанияларға ұдайы көз қырын салғаны дұрыс», – дейді Азат Мейіржанұлы. Қазірдің өзінде халықаралық технопарк аумағында 700-ге жуық қатысушы тіркелген. Оның ішінде 70-тен астамы шетелдік компания. Көбі көрші Ресей, Украина және Беларусьтен келген.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ырыстанбек Оспанов, Дархан Күнтуов

Сондай-ақ...