Ақтауда яхт-клубқа қатысты дау шықты

Қала әкімінің орынбасары кәсіпкерлермен кездесіп, әкімдіктің 49 жыл мерзімге дейін келісімшарт жасауға дайын екенін жеткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жағажайды абаттандыру қашан басталатынын айтып, туристер мен тұрғындардың кедергісіз жүруі үшін су айлағының жан-жағын ашық қалдыруды сұрады. Бір айта кетерлігі, қала ішінде орналасқандықтан, бұл аумақ режимдік нысан саналмайды.

«Жартасты соқпақ» туристік жобасы яхт-клуб тұрған жағалауды да қамтиды. Бұл жерде абаттандыру жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттары жасақталып жатыр. Мемлекеттік сараптамадан өткен соң биыл не келер жылы басталады. Қала әкімдігі аумағы 0,47 га жерді кәсіпкерлерге жалға беру мерзімін ұзартуға да қарсы емес. Ең бастысы, адамдардың жағалауда емін-еркін жүруі үшін темір қоршаулар болмауы керек.

Әкімдіктің қойған заңды талабына яхт-клуб мүшелерінің айтар уәжі бар. Темір қоршауларды алып тастамай, тек кісі көп жүретін мезгілде ашып қою қажеттігін айтады. Әйтпесе,  су айлағының іші, әсіресе, жаз айлары автокөлік тұрағына айналады деп уайымдайды.

Андрей Чулаков, яхт-клуб мүшесі:

– Қоршауларды алып тастауға болмайды. Бұл жерден жаяу жүргіншілердің қозғалуына ешқандай кедергі жоқ. Өйткені күні бойы қақпалар ашық тұрады. Ал қоршаулар болмаса, көліктер кіріп, қайықтардың теңізге түсіп, шығуына кедергі келтіреді. Қақпа алдында күзетші бар, ол арнайы техникалардан басқа көлікті өткізбейді.

Туристерге арналған «Жартасты соқпақ» жолы 4-шағын аудандағы жағалаудан 1-шағын аудандағы яхт-клубқа дейін жалғасады. Демеуші қаржысына жағажайды абаттандыру жобасының жалпы аумағы 5 мың шаршы метрден асады.

Ербол Ізбергенов, Ақтау қаласы әкімінің орынбасары:

– «Достар» дейтін қонақүй орналасқан жерді өзіңіз білесіз. Соған дейін апару жоспарланып отыр осы жоба аясында. Мемлекет ешкімнің жерін тартып алып немесе жалға беру шарттарын әрі қарай ұзартудан бас тартып жатқан жоқ. Осы жағалауда жобаның түсіп тұрған жерлерінде орналасқан барлық кәсіпкерлермен келіссөздер, соның ішінде яхт-клубпен де жүргізіліп жатыр. Жалпы жоба қала тұрғындарымен келісе отырып, іске асырылады.

Республикадағы жалғыз яхта-клубы өткен ғасырдың 60-жылдары Каспий жағалауында құрылған. Сол уақытта аумағы 1 гектардан көп болды. Бүгінге дейін 2 рет қысқарды. Бұған теңіз суының көтерілуі және жағажайда баспана құрылысының қарқынды жүруі – себеп. Яхтсмендер көңілінде қала билігі биыл аумақты тағы кішірейтеді ме деген күдік бар. Бүгін олармен жүздескен шенеунік бұл ақпарды жоққа шығарды.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев