Ақтөбедегі су басқан ауылдарға еріктілер көмекке келді

Айгүл Кенжалина соңғы бес тәулікте мектепте түнеп, күндіз үйіне барып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалғыз басты ана баспанасын ұры-қарыдан қорғап жүр. Себебі су басқан үйдің есік-терезесін ашып кептіргеннен басқа амал жоқ дейді.

Айгүл Кенжалина, қала тұрғыны: 

– Жағалай міне барлығы ісіп жатыр. Бәрінің асты ісіп тұр. Есіктер, кереуеттердің аяғы ісіп тұр. Шкафтарға дейін. Мұның барлығы қазір осындай болып тұр ылғалданып. Ертең кепкеннен кейін не болады? Шіріп кетеді. Іске жарамай қалады. Лақтырып тастайтын боламыз.

Жарамсыз қалған тұрмыстық техника мен жиһазды айтпағанда, аяқ-киім мен көрпе-төсек те тапшы. Себебі оның бәрі түн ішінде кенеттен келген қызыл судың астында қалған. Сондықтан жеке гигиеналық заттардан бастап, маусымдық киім-кешек те керек. 

Екатерина Голотина, волонтер:

– Біз мектеп басшылығымен күнделікті хабарласып отырмыз. Ертелі-кеш қажетті заттардың тізімін аламыз. Мәселен, кеше кешкілік көрпе мен көпшіктің аз екендігін білдік. Жарты сағаттың ішінде жеткізіп бердік. Билік үш мезгіл ас-суын бергенімен, балаларға көкөніс пен жеміс-жидек те артық етпейді. Қиын жағдайға тап болған отбасыларға қажет заттардың барлығын табуға тырысып жүрміз.

Еріктілер жиналған заттарды әзірге 8 орталықта үлестіріп жатыр. Су қайтып, жер аяғы кеңіген соң  зақым келген үйлерді аралауды жоспарлаған. Алайда тұрғындардың басты қайғысы – баспана мәселесі. Себебі қызыл су шайып, тұруға жарамсыз боп қалғандары да бар. Жергілікті билік зардап шеккендер далада қалмайды деп мәлімдегенімен, нақты қандай көмектің және қашан болатыны әзірге белгісіз.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков