Павлодарда апатты жағдайда тұрған үй көп

Павлодар қаласында әлі күнге дейін суы мен жылуы жоқ үй көп. Баспаналар өткен ғасырдың ортасында салынса да, жергілікті билік оларды апатты деп тануға асығар емес. Облыс орталығында әлі күнге от жағып, шелектеп су тасып жүрген тұрғындар бар.

- Если сюда наступишь, уйдешь, к ним в квартиру провалишься... 

Тұрғындар екі қабатты үйдің шатырын жөндеуден әбден шаршаған. Жаңбыр жауса болғаны пәтерлер суға толады. Саттар Михешев бұл үйге 20 жыл бұрын көшіп келген. Зейнеткер сырттан су тасиды, қыста пеш жағады. Өзгелердің де көрген күні осы. 

Саттар Михешев, қала тұрғыны:

- От жақса уже қиын. Кірпіштері құлап, үгіліп жатыр. Жаққан сайын бір кірпіштен ала береміз. Ол бір күні құлайды. Көмір жағамыз, көп жаға алмаймыз, бір шелек ғана.

Тұрғындардың үрейі орынды. Екі қабатты үйлер ағаштан салынған. Пәтер иелері бір күні өртеніп кетеміз бе деп қорқады. Коммуналдық желілері істен шыққандықтан толық ажыратылған.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Облыс орталығындағы бұл үйлердің 70 жылдық тарихы бар. Осы уақыт аралығында әбден тозып, шатыры қирап, тоза бастаған. Өрт оқиғалары да жиі болады. Амалы қалмаған тұрғындар өз пәтерлерін тастауға мәжбүр. 

Тұрғындарды тағы бір мәселе мазалайды. Қазір үйлердің маңайы қоршалып, құрылысқа дайындық басталды. Маңдағы 1000 шаршы метрлік аумақ жеке тұлғаның иелігінде екен. Енді балалар ойнайтын алаңнан да айырылатын болдық, дейді тұрғындар.  Бұл жерде 16 пәтерлі екі қабатты бес үй бар. Ешқайсысы апатты деп танылмаған. Жалпы Павлодарда осындай жағдайдағы 44 нысан бар. 400-ге жуық пәтер иесі әр күнін қорқынышпен өткізіп жатыр. 

Салтанат Әкімбекова, Павлодар қалалық әкімдігінің баспасөз хатшысы:       

- Затон шағын ауданындағы үйлер апатты деп танылмаған. Тұрғындар мүліктеріне сарапшылық бағалау жасау керек. Кейін апатты деген техникалық қорытынды алу керек. Үй иелері ешқандай әрекет етпеген. Баспаналарды сүріп, орнына үй салу бойынша инвесторларға өтініш айтылды. Бірақ жауап жоқ.

Шағын аудандағы тозған үй мәселе жылдар бойы шешілмей  келеді. Екі жыл бұрын облыс басшылы дәл осы жерде 10 көп қабатты үй бой көтеріп, тұрғындар көшіріледі деп уәде еткен. Бірақ  құрғақ уәде күйінде қалды. Павлодардағы Алюминстрой ықшам ауданында ғана 150 екі қабатты үй сүрілген. Олардың орнында жаңа көп қабатты үйлер салынды. Осы тектес жағдайдағы баспана күткендерге уақытша үй берілді. Ал өзгелері қауіпті пәтерлерінде күтуге мәжбүр. Себебі әкімдіктің иелігінде олар үшін бос пәтерлер жоқ.

Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков