Балалар жылын қалай өткіземіз?

Биылғы жыл елде балалар жылы деп жарияланды. Алайда Ақмола облысындағы қоғамдық бірлестік өкілдері мен ата-аналар кішкентайларды қуантуға тұрарлық еш жаңалықтың жоқтығына өкпелі.

Олар балаларды қолдау мен дамыту саласында өзгерістер болады деп үміттенген еді. Бірақ ешқандай қимыл көріп тұрғанымыз жоқ дейді. Сөйтіп, өңірде балалар жылы аталып өте ме, жоқ па?    

Көп балалы аналар қауымдастығының өкілдері балалар жылынан көп үміт күткендерін айтады. Олар балаларды жан-жақты дамытып, қолдауға барлық мүмкіншілік жасалады, осы уақытқа дейін қолбайлау болып келген мәселелер шешімін табады деп үміттенген. 

Анаргүл Мұхамедрахимова, облыстық көп балалы аналар қауымдастығының төрайымы: 

- Осы жылды жариялаған кезде шешімдер жасалды. Қандай нақты жұмыс жүргізілді? Балалардың денсаулық саласын көтеру керек, спортты дамыту керек. Қанша үйірме бар, балалар барғысы келсе де бара алмайды. Тегін емес. Балалардың даму жағыннан, білімін, көптеген мәселелер бар, биыл шешілетін болса, мысалы, жазғы лагерьге бір үйден екі бала баратын болса тегін болса жолдама.

Ата-аналардың айтуынша, балалар қосымша білім алып, бос уақытын тиімді өткізіп, спортпен шұғылданып, рухани қажеттілігін өтеу үшін мемлекеттің көмегіне мұқтаж. Ал жергілікті билік «балалар жылы» тиісті деңгейде өтеді деп отыр. Олар жақында ғана балалар жылын атап өтудің республика деңгейінде 7 басты бағыт белгіленгенін және соның аясында іс-шаралар ұйымдастырылаптынын жеткізді. Ал оны жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен 3,5 млрд теңгеден астам қаржы қаралған. 

Ботакөз Дүсенова, облыстық білім басқарамасы басшысының орынбасары:

- Қосымша білім беру мен қамтуға мемлекеттік тапсырыс аясында облыстық бюджеттен осы балалар жылына арнап 1 млрд 200 млн теңге көлемінде қаражат бөлініп отыр. Ол үйірмелерге, шығармашылық үйірмелер, спорттық секцияларға балаларды қосымша қамтуға арналып отыр. Осы бес бағыттағы үйірмелерге балалар тегін қатыса алады.

Сондай-ақ жергілікті билік биыл мектеп оқушыларына ыстық тамақ пен мектеп формасына қатысты бірқатар проблеманы шешеміз деп отыр. Басқа да нақты іс-шаралар әзірге жоспар күйінде. Себебі мұның барлығы қомақты қаржыны талап етеді. Ал ата-аналар мен қоғамдық ұйымдар балаларға қатысты мәселелер өз уақытында шешімін табады деп үміттенеді. 

Жандос Жұмабек, Аслан Абуталипов, Виктор Полянный, Евгений Шинкаренко