Ақтау билігі ағаш егуге асығар емес

Жыл құсы әлдеқашан оралған Ақтау қаласының билігі ағаш егуге әлі де асығар емес. Тек тұрғындар ғана қолына күрек алып, өз аулаларының қамымен жүр.

Жалпы бұл аймаққа жасыл желек ауадай қажет. Былтырғы қуаңшылықта шөп шықпай мал қырылған да осы өңір еді.

Ал даланың қамы тұрмақ, қала ішінің проблемасын шешуге асықпаған әкім-қаралар әлі мемлекеттік сатып алу конкурсында жеңімпаз мекемені де анықтамаған.

Лариса Лопаткина көктем келісімен үй айналасын көршілерімен бірге абаттандыра бастапты. Ыстыққа төзімді арша, айлант ағаштарының он шақты көшетін отырғызған. Оның айтуынша, суару ғана қиын. Арнайы бөтелкемен тасып жүр. Бұл бастамаға қоғам белсенділері де атсалысып жатыр. Себебі қала билігі биыл да көгалдандыруды жандандыратынына сенбейді. 

Лариса Лопаткина, қала тұрғыны:

- Коммуналдық мекемелерге хабарласып, көгалдандыру жұмыстары қашан басталатынын сұраған едік, әлі басталмайды деген жауап алдық.  Сондықтан тұрғындар болып, өзіміз қолға алдық. Қалада ағаш жоқ десек те болады, ауламыз жалаңаштанып тұр. Әрі соңғы кезде шаңды дауыл көбейіп кетті. Ең болмаса балаларымыз таза ауамен тыныстасын деп, өз күшімізбен жасап жатырмыз. 

Алтай Мекебаев, қала тұрғыны:

- Қала тұрғындарының коммуналдық мекемелердің жұмысына көңілі толмайды, тіпті үміттенуден қалдық. Жыл сайын осы мәселе қайталанады. Ағаш отырғызылғанымен, уақытылы суарылмайды, қурап қалады, қаншама қаражат желге ұшып жатыр. Билік ауысқанымен, проблема сол күйі қалады. Жақында өзіміз достарымызбен, ынталы топпен шағынаудан ішіндегі мектеп айналасына 30 тал ектік. Осылайша сәл де болса үлесімізді қосқымыз келеді.

Қаладағы 70-ке жуық меншік иелері бірлестігі де бастаманы қолдады. Мәселен, 9-шағын аудандағы 20 үйдің тұрғындары 2 апта бойы ауланы тазалап, арнайы бақ жасапты. 

Айман Шағбанова, меншік иелері бірлестігінің басшысы:

- 2 апта бойы үйдің алдын қопсыттық, күбір әкеліп төседік. Көшеттер әкеліп, отырғыздық, балалар алаңының алдына тал ектік.  Қазір әктеп жатырмыз. 2021 жылы Меншік иелері бірлестігі құрылған еді. Міне бәріміз бірауыздан атсалысудамыз.  Келесі жылы гүл бағын жасауды жоспарлап отырмыз.

Ал қала билігі көгалдандыру жұмыстарын бастауға асығар емес. Мемлекеттік сатып алу конкурсы әлі аяқталмаған. Биыл бұл жұмыстар мемлекеттік-жеке меншік әріптестік арқылы жүзеге аспақ. 

Ернар Төлесінов, қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:

Айдың аяғында белігі болады кәсіпкер. Жұмыстар Маңғыстау облысының табиғи ресурстары мен Ақтау қалалық ТҮКШ бөлімімен жүргізілмек. Осы жылы 934 млн қаражат бөлінді. Су құбырлары ГЧП бойынша 120 шақырым қарастырылған, жыл сайын 40 км жүргіземіз.

Жауапты маманның хабарлауынша, биыл қалада 7 мың ағаш отырғызу жоспарланған. Әзірге жұмыстар мердігер анықталған соң ғана атқарылады. Ал көшелерді және тұрғын үй аулаларындағы талды суару 1 мамырда басталады. Оған дейін тұрғындарға жасыл желекті өз күштерімен күтіп баптауға тура келеді. 

Әйгерім Ашықбаева, Ренат Дүйсалиев