476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Павлодар облысында 21 мың гектар жерге су жіберіледі

  • 158
  • UPD: 17:48, 10.04.2022

Өңірдегі Қаныш Сәтбаев атындағы «Ертіс-Қарағанды» арнасынан су жіберіле бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тіршілік нәрі шабындық жерлерді суландырып, Шідерді-Өлеңті тұрғын үй алабындағы су тоғандарын толтырады. Мамандар осы арқылы экологиялық жүйені сақтап, ауыл шаруашылығы мақсатындағы аймақтарды тіршілік нәрімен қамтуды көздейді. Шабындық жерлерге жіберілген судың алғашқы легі «Ертіс-Қарағанды» арнасының бұл шлюзінен босатылады. Дәл осы жерден Шідерті-Өлеңті аймағына кетеді. Екібастұз қаласының ауылдық аймағы мен Ақтоғай ауданының шабындық жерлері суға толады.

Ақмарал Есімханова, тілші:

– Қаныш Сәтбаев атындағы арнадан босатылатын су 21 мың гектарлық жерге жайылады. Осылайша, жақын маңдағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің барлығы тіршілік нәрімен қамтылатын болады. Сонымен қатар Әулиекөл өзендер жүйесіне жататын аудындарға да су таралады.

Өткен жылы Ақтоғай ауданының шаруалары су тапшылығына шағымданған. Жаз айларында шабындық аумақтар құрғап, шөп аз шыққан. Сондықтан биыл жіберілетін тіршілік нәрі 80 млн текше метрден 120 млн текше метрге көбейтілді.

Мақпал Лепесова, облыстық жер қойнауып пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының бөлім басшысы:

– Мақсаты, яғни, Шідерті-Өлеңті экожүйесін сақтау, сонымен қатар, Екібастұз және Ақтоғай өңірлерінде су жайылмаларын қажетті көлемде суландыру. Өткен жылы аз көлемнің салдарынан балық қырылуы орын салса, биылғы жылы жіберілген су көлемі  оң нәтижеге септігін тигізеді деп санаймыз.

Сала мамандары жарты ғасырлық тарихы бар арнаның келешегіне алаңдаулы. Гидротехникалық құралдары алдағы бірнеше жылда істен шығуы мүмкін.

Леонид Батталов, Қаныш Сәтбаев атындағы «Ертіс-Қарағанды» су арнасы директорының кеңесшісі:

– Арнаның техникалық құралдарын жаңарту керек. Модернизациялау өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан бері жүргізілмеген. Жабдықтардың барлығы ескірген. Алайда, биылғы кезең еш қиындықсыз өтуі тиіс. Тыңғылықты дайындалдық. Бірақ арнаның жұмысы бірнеше жылға ған жете ме деп қоқамыз.

Мәселе республикалық деңгейде көтерілгенімен, әзірге еш шара қолданылмаған. Ал сала мамандары арнаны қалпына келтіру бағдарламасын әзірлеп қойған. Жоба құны 67 млрд теңге.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков және Жеңіс Темірболат

Хабар 24 телеарнасы