Жуалы аудандық ауруханасының әбден тозығы жеткен – Жамбыл облысы

Жуалы аудандық ауруханасындағы бейберекет тірлік қашан жөнге келеді? Тозығы жеткен емхана, жұлым-жұлымы шыққан зертхана, деп хабарлайды «Хабар 24».

Халыққа қашан сапалы қызмет көрсетіледі? Жергілікті жұрт санитарлық тазалығы күмәнді медициналық мекемеге қан өткізіп, анализ тапсыруға мәжбүр. Бұл туралы тұрғындар әлеуметтік желіге жазып, шағымданып жатыр.

Есенбай Тұрымов, Көлбастау ауылының тұрғыны:

– Мен Көлбастау ауылдық жерден келдім. Қазір тек құлауға шама қалды. + Мынаған келсең тіркелмегенсің барып кел дейді барам. Тіркедік дейді келем.  Тіркелген жоқ деп 5 рет қатынадым. Таза больница емес бұл. Бұрын туберкулезный больница етін.

Қайсар Қойекеев, Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғыны:

– Мынаның ішінде адамдар жүретін түбіркүлез адамдар жүретін. Кім бұл жерге рұқсат берген? Ешқандай жағдай жоқ.

– Ол сұрақты жоғары жаққа қойыңыз. Мен маған берген жерде жұмыс істеп отырмын.

Тоқтатып сұраған адамның айтатыны шағым. Көз жеткізу үшін зертхананың ішіне кірдік. Мұндағылар табалдырықты аттаған сәттен бастап тыпырши бастады. Ғимарат әбден тозған. Жалбырап, салбыраған кабель. Бөлмелері тар. Жиһаздары ескі. Дәрігерлерге жаның ашиды. Қысылып, қымтырылып жұмыс істеп отыр. Жуырда алынған жаңа аппарат пен жұмысқа қажетті құралдар бірінің үстіне бірі шығып тұр.

Бүтін бір ауданның жұрты қан тапсырып анализдерге талдау жасалатын зертхананың қазіргі сыйқы бұл.  Күніне кейде 80 адамға дейін қабылдайды.  О баста балабақша болып салынған нысанның қазір тозығы жетіп тұр. Бұл жердің санитарлық талаптарға сай, сай еместігі күмән тудырады. Сауалға аурухана басшылығы да дөп басып жауап бере алмады.

Нұрғайша Сыздықбаева, Жуалы аудандық ауруханасының бас медбикесі:

– Ғимаратымыз ескі. Есіктеріміз ескі. Соларды айтып отырмыз. А так біздің жағымыздан сақталынып отыр.

– Санитарлық талапқа сай ма? Сай емес па айтыңызшы?

– Жартылай сай деп айтуға болады. Толық емес.

– Ертең қанға бірдеңе болса, бірдеңе түсіп кетсе кім жауап береді?

– Олай түспейді. Олай түспейді.

Зертханадан бөлек аудандық орталық аурухананың жағдайы да мәз емес. Балконы бар, бірақ оған шығатын есік жоқ. Әден ескірген. Мұндағы мамандардың қолдағы бармен амалдап отырғаны айтпаса да түсінікті. Алайда бұл қашанға дейін жалғаса бермек. Басы ауырып, балтыры сыздап келген аудан тұрғындарына сапалы қызмет көрсету үшін алдымен дәрігерлерге жағдай жасалу тиіс. Бірақ оның ауылы әлі алыс секілді.

Нұрбай Ергебеков, Жуалы аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

– 2023 жылы Жуалы аудандық ауруханасының жаңа ғимаратын салуға жобалау сметалық құжаттарына ақша қарастырылған. Ақша қарастырылғаннан кейін өзінің рәсімдеріне қарай белгілі мерзімде ғимарат құрылысы басталады.

Жаңа аурухана салу мәселесінің нақты қашан шешілері белгісіз. Ал зертхана келесі жылы күрделі жөндеуден өткізілуі мүмкін. Бірақ биыл жобалық сметалық құжаттарына қаражат қаралған жағдайда ғана.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә