Алматыда қолөнер бұйымдарынан жәрмеңке өтті

Сәндік заттар мен ұлттық бұйымдар жәрмеңкесіне еліміздің бірқатар өңірінен 80-нен астам қолөнер шебері қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көктемнің көрікті күнінде өткізілген жәрмеңкедегі әр бұйым көңілді көтеріп, көзді баурайды. Әдеттегідей ұлттық әшекей  заттарға  әйелдер қауымының қызығушылық жоғары.  Түрлі кәдесыйлар, күмістен соғылып, бағалы тастармен  безендірілген сақина, жүзік пен білезіктердің сан-алуан түрін көресіз. Ағаш пен темірден жасалған  композициялық туындылар адам мен табиғат арасындағы үйлесімділікті дәріптейді.

Зада Серік, қолөнер шебері:

Мынаның жұмысына қарай бағалаймыз. Мынаған үш күн кетеді. Тек қана кішкентай картинаға үш күн жұмыс кетеді. Қобызды екі күн жасайды. Өйткені мүйізін тазалауға бір күн кетеді.

Жәрмеңкені  еліміздің қолөнершілер палатасы өткізді. Пандемия кезінде зергерлер мен ағаш шеберлері, темір ұсталарының  басым бөлігі басқа жұмыспен айналысуға мәжбүр болған. Алайда жарты жылдан бері олар қолөнерге қайтадан оралып жатыр» дейді шараны ұйымдастырушылар. Солардың ішінде атақты этнограф-зергер Дәркембай Шоқпарұлының шәкірттері де бар.

Ырыскелді Мұсаев, зергер:

Темірден, теріден, ағаштан жасаймын бұйымдарды. Қазақтың ұлттық бұймдары. Заказбен, өз қиялымнан жасаймын.Оның бәрін қанша болды өтіп жатқанына. Бүкіл қазақтың өнерін дәріптеп жатырмыз, міне.

Қолөнершілердің дәстүрлі жәрмеңкесі еліміздің басқа өңірлерінде де өткізіледі. Жыл сайын оған қатысушылар саны артып келеді. Тұрғындардан да ұлттық бұйымдар мен кәдесыйларға сұраныс көп.   

Авторлары: А.Садуақас, Ә.Нарынбаев