Ақтөбеде автобустың жоқтығынан балалар қашықтан оқуға мәжбүр

Өткен жылдың қыркүйегінде мектеп табалдырығын алғаш аттаған Азат ақпаннан бері үйде білім алады. Себебі сол қыс айынан бері мектеп автобусы қатынауды тоқтатқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал, бірінші сынып оқушысы үшін қашықтан әріп танып, дәріс алу қиын боп тұр. Дәл осындай жағдай қазір бұл «Локомотив депосы-7» балабақша ұжымындағы ондаған балаға ортақ. Ал, кейбірінің тіпті телефон, компьютер арқылы да мектептен тапсырма алуға мүмкіндігі жоқ.

Қала іргесіндегі бұл саяжай алқабында 800-ге жуық адам тұрады. Әр үйде кемінде мектеп жасындағы 2-3 бала бар. Бірақ оларды білім ұясына апаратындай ата-аналардың бәрінде бірдей жағдай жоқ. Ал, қоғамдық көлік мұнда мүлде келмейді. Оған қоса, сәл жел тұрса электр сымдары үзіліп,  жарық сөнетін болған. Сондықтан баланың онлайн білім алуы да нашарлап барады. Екі мәселе де құзырлы органға талай жеткізілген. Бірақ әлі шешімін таппай тұр.

Назгүл Аманғалиева, қала тұрғыны:

– Мен Алматы аудандық әкімдігіне де бардым. Ол кісінің де уәделері күшті. Мен мәслихат депутатына дейін бардым. Ол кісілердің де қолдан келер ештеңесі жоқ. Әйтеуір, өтірік уәдеден басқа ештеңелері жоқ. Құлағымызды жарғақ қылды, болды.

Ата-аналар алдымен мектеп автобусының жүруін талап етіп отыр. Себебі баланың саяжай ұжымынан білім ұясына дейінгі көлік және темір жолдар арқылы өтіп баруы – қауіпті. Мәселені шешуге соңғы екі айдан астам уақыт бойы оқушыларына қашықтан білім беріп отырған №30 мектеп ұжымы да талпынып келеді. Алайда нақты жауап тиісті бөлімнен болды. Белгілі болғандай, мектеп автобусы ескі болғандықтан, қазір жөндеуде тұр. Ал, бағытқа өзгесін қою үшін өткізілген байқау қортындысы әлдеқашан шыққан.  Бірақ оның нәтижесіне өзге қатысушылар риза болмапты. 

Ұлжан Орынбаева, Білім бөлімінің бас маманы: 

– 30 орта мектептің конкурсына екі жалдап алушы түсіп отыр. Бір жалдап алушы комиссияның шешімімен толықтай оң шешімін алып ұтқан болатын. Енді келесі жалдап алушы өздеріңіз білесіз жеке нарықтағы заман болғандықтан, өздерінің жалпы шешімдеріне келіспей шағым жазды. Жалпы бұл тексеріс бес күн жұмыс күнінде өз шешімін табады.

Білім бөліміндегі мамандар мектепке автобус қатынасы таяу күндері шешіледі деп уәде беріп отыр. Ал, балабақшаға қоғамдық көлік жіберу мәселесі қазір жауапты мекеменің қарауына алынған.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев